Тоқаев ғалымдармен кездесуде «Таза Қазақстан» жобасының түпкі мәніне тоқталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуныша, қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін орнықтырудың мән-маңызы зор.
«Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні – қоғамдық сананы жаңғырту.
Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз – Қазақстанның тағдырына бей-жай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру.
Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл – өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр.
Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл – ең алдымен, сапалы адам капиталы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.