Әнуарбек Сұлтанов: Қажымұқан – қазақ балуандары үшін мәңгілік үлгі

Бүгін, 16:23
Думан Аманжол Думан Аманжол
Әнуарбек Сұлтанов: Қажымұқан – қазақ балуандары үшін мәңгілік үлгі
Фото: Әнуарбек Сұлтановтың жеке мұрағатынан алынды

Қазақ халқының тарихында есімі алтын әріппен жазылған алып тұлғалардың бірі – Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Ол – тек спортшы емес, бүкіл ұлттың рухын көтерген бірегей күш иесі, нағыз батыр. Бүгінде оны білмейтін қазақ кемде-кем. Халық оның ерлігі мен қайсарлығын мақтан тұтып, рухымен өмір сүріп келеді. Бұл туралы Elordainfo.kz тілшісіне Кеңес Одағының дене шынықтыру және спорт саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әнуарбек Сұлтанов айтып берді.

Оның айтуынша, Қажымұқанның күшіне қатысты аңызға бергісіз деректер көп. 

«Ол иығына ағаш іліп, екі жағына жиырмадан адам отырғызып айналдырған, темір рельстерді майыстырған, түйе көтеріп, шынжыр үзген. Мұндай ғаламат күш иесі сирек туады. Сондықтан да оны «тума алып» деп атайды. Қажымұқан күресі бүгінгі спорттан мүлде өзгеше болған. Оның күресі – күш күресі, алыптардың айқасы еді. Олар жауырыны жерге тигенше күресетін, кейде белдесу бір-екі сағатқа дейін созылатын. Ал қазіргі күрес небәрі алты минутқа ғана жалғасады. Көп жағдайда жеңіс ұпаймен шешіледі. Сондықтан бұрынғыдай нағыз тартысты, ұзақ күрестер қазір сирек. Қазіргі балуандардың күрес мәнері де өзгерген. Қысқа уақыт ішінде нәтижеге жету талабы күресті жылдам әрі тактикалық сипатқа айналдырды. Бұрынғыдай ұзаққа созылатын, көрерменді тәнті ететін белдесулер бүгін жоқ. Қажымұқан күрескен кезеңде классикалық күрес кең таралған еді. Ол кезде «французша күрес» деп аталатын. Бүгінде ол грек-рим күресі деп аталады. Бұрын салмақ дәрежелері болмаған, ал қазіргі спортта әр балуан өз салмағы бойынша бақ сынайды. Сонымен қатар елімізде «Қазақстан барысы» сияқты ірі жобалар іске қосылып, ауыр салмақтағы батырлар анықталып келеді», – дейді спорт ардагері.

Қажымұқанның қолданған әдістері де аса қуатты талап ететін. Қазіргі жас балуандар мұндай тәсілдерді толық қайталай алмайды.

«Қажымұқан тек күш иесі ғана емес, нағыз намысқой, елін сүйген тұлға болған. Оның бар жетістігінің түп-тамыры – ұлтына деген сүйіспеншілік пен қайсар рухында жатыр. Тіпті, ол өз қаражатына ұшақ сатып алып, майданға көмек көрсеткені де – оның елжандылығының айқын дәлелі. Ол тек спортшы емес, бүкіл қазақ халқына ортақ үлгі. Осындай алып тұлғалар ұлт рухын көтеріп, болашақ ұрпаққа жол көрсетеді. Бүгінде Қажымұқан салған сара жол жалғасып келеді. Мәселен, Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатты. Дәулет Тұрлыханов – әлем және Азия чемпионы, Олимпиада жүлдегері. Одан бөлек, бүгінде қазақ күресі мен олимпиадалық спорт түрлерінде көптеген мықты балуандар өсіп келеді», - деп сөзін қорытындылады Әнуарбек Сұлтанов.

Еске салсақ, бүгін күш атасы, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні. Биыл ұлы тұлғаның туғанына 155 жыл толып отыр.