Қажымұқанды тек палуан деп айту, Абайды тек ақын деумен бірдей - Абылайхан Қалназаров
7 сәуір – күш атасы, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні. Биыл ұлы тұлғаның туғанына 155 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай Elordainfo.kz тілшісі «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаровты әңгімеге тартып, ұлы балуанның өмірі мен мұрасы жайында сұхбаттасқан еді.
– Қажымұқанды тек палуан емес, ұлтымыздың мәдени феномені десек бола ма?
– Оның сондай болғанына дау жоқ. Мәдени феномен дегеніміз не? Бұл – бір ғана салада емес, бірнеше өмірлік кеңістікте ерекше із қалдырған тұлға. Қажымұқанды осы өлшеммен бағалап көрейік. Күрестен бөлек, ол домбыра тартқан. Майраның әндерін нақышына келтіріп орындаған. Өз өлеңін шығарған, «Бір тас бар, Қояндыда балуан тас» деген жолдарды ол жетпістен асқанда шағында айтқан. Ол Шәуілдірде балдызы Алтын қызбен айтысқа дайындалған, суырып салмалыққа бейімділігі болған. Тіпті, оңтүстіктің тарихын зерттеуші Әдхәм Шілтерханов оның «ақындыққа бір табан жақын» болғанын айтады. «Екі сөзінің бірін тақпақтап, өлеңді қиып салып, құрай білетінін жұрт жақсы біледі» деп жазады. Бұдан басқа Қажымұқан тәуіпшілікпен айналысқан, болашақты болжаған, өз өлімін де тоғыз күн бұрын болжап айтқан. Диқаншылықпен шұғылданған, балалар оқытқан. Соғыс жылдарында цирк өнері арқылы жинаған қаражатқа майданға ұшақ сатып алып бергені тағы бар. Міне, бұл – бір ғана спортшының өмірбаяны емес. Бұл – дала өркениетінің тудырған толыққанды тұлғасының портреті. Оны тек палуан болған деп айту - Абайды тек ақын деп санаумен бірдей.
- Қажымұқан Мұңайтпасұлының күш мәдениетінде алар орны мен ерекшелігі қандай?
- Қажымұқан – «мен осындаймын, мен күштімін, мені жеңуге болмайды» деген ұлттық сенімнің ет пен сүйектен жаралған нұсқасы. Ойлап қараңызшы: ол кім болды? Көшпенді халықтың ұлы. Жазба академиясы жоқ, арнайы спорт мектебі жоқ заманда өсіп, бүкіл Ресей империясы, Еуропа, тіпті Америка мен Африка, Шығыстың балуандарын жеңген адам. Поддубныйдан бастап санасаңыз, ол кімдерді жықпады? Сол дәуірде бұл тек спорт жеңісі емес, бұл – саяси мәлімдеме болды. Отарланған халықтың баласының жеңісі. «Біз де озық адамзатпен терезесі тең адамбыз. Біз де күштіміз» деген үнсіз ұран. Сондықтан оның атағы жай ғана «мықты палуан» деңгейінен асып кеткен. Ол – ұлттық ар-намыстың нышаны. Бодандық дәуірінде халықтың төбесінде байрақ болып желбіреген тұлғасы.

- Қажымұқан бабамыз күрестен бөлек ел есінде несімен қалды деп ойлайсыз?
– Ол біріншіден ел есінде қарапайым адам ретінде қалды. Мысалы, Шәуілдірде оның өз қолымен тұрғызған үйі тұр. Оның отырғызған ағашы тұр. Темірланда оның ожауы, сырнайы, шабаданы, арбасының бел темірі – бәрі сақтаулы. Отырарда бір ақсақал бізге: «Мынау Қажекеңнің өзі отырған орын» деп бір жерді нұсқады. Сексен жыл өтті. Алайда жантайған жеріне дейін ел есінде. Екіншіден аңыз адам ретінде ел есінде қалды. Аңыз дегенде жалған емес, керісінше, халық маңызды деп санаған шындықтың ұлғайтылған үлгісіне айналды. Екі түйені бір мезгілде ұстап тоқтатқаны, жүк машинасының артынан көтеріп, жүргізбей қойғаны, кеудесіне тас қойдырып үлкен балғамен ұрғызғаны, мойнына жуан темір орап, галстук еткені, бәрі-бәрі фантастикалық сипат алып кеткен.
- Қажымұқаннан қалған, ол айтқан ерекше сөздер бар ма?
— Мен бірнешеуін атар едім. Оның ішінде ең маңыздысы – ұлы Абайдың тойынан қайтқаннан кейінгі сәті дер едім. Ол Абайдың жүз жылдық тойынан оралып, апта бойы үйінен шықпай, келгендерге көргенін айтыпты. Ол кезде не деген? «Мені жұрт «балуан» дейді. «Дүниеде теңдесі жоқ күшті» дейді, осы күштіліктің құны маған шамалы көрінеді. Нағыз күштілік те, қуаттылық та сөзде. Абай сөзін тау десек, менің күштілігім соның бір тасындай да емес», - деген екен. Ойлап қараңызшы, бүкіл Еуропа, Азия, жер-жаһанды аралап, ең мықты балуандарды жыққан адам «нағыз күш – сөзде» дейді. Бұл – кішіпейілділік қана емес, бұл – терең философиялық тұжырым және бұл тұжырым менің «символдық балуан тас көтеру» концепциясының негізіне де жатады.
– Қажымұқанды басқа халықтардың батыр тұлғаларымен салыстыруға бола ма?
– Қажымұқанды басқа халықтардың батырларымен әбден салыстыруға болады. Оның ешкімнен де кем түспейтінін сенімді түрде айта аламын. Мысалы, Геракл-Геркулесті алыңыз— антикалық дүниенің күш символы. Орыстардың Илья Муромеці, жапондардың Миямото Мусасиін қараңыз. Бұлардың ортақ белгісі не? Бәрі де тек дене күшіне ғана ие емес, сондай-ақ оларда рухани өлшем бар. Геркулес өзінің ең үлкен жеңісін ашкөздік пен надандққа қарсы тартыста жеңгенде тапты. Муромец тек батырлығымен емес, парасатымен де халқын қорғады. Қажымұқан дәл осы қатарда тұрады. Себебі, ол тек қарсыластарын ғана жеңген жоқ. Ол отарлық кезеңде «қазақ үлкен жетістікке жете алмайды» деген стереотипті жеңді және ол мұны ғаламдық сахнада жасады. Айырмасы бір ғана: Геркулес, Муромец – аңыз кейіпкерлері. Қажымұқан – нақты адам. Өмір сүрді, сүйді, еңіреді, зардап шекті. Бұл оны аңыздардан да жоғары қояды.
– Қажымұқан бейнесі бүгінде қазақ өнерінде жеткілікті деңгейде дәріптеліп жатыр ма?
– Бұл мәселе көңіл көншітпейді. Бізде Қажымұқан туралы фильм, кітаптар бар, мүсіндер бар. Бірақ олардың басым бөлігі оның бір қырын ғана көрсетеді – күресші, мықты, жеңімпаз. Ал оның ішкі әлемі ше? Ол домбыра ұстап Майраның әнін айтып отырғанда не сезінді? Абай тойынан қайтып, «нағыз күш сөзде» деп ойланып жатқанда жүрегінде не болды? Ол жақын-жуығына «Мені Нұралы ақынның жанына жерлеңдер» деген өсиеті не білдіреді? Мұны кино да, әдебиет те, театр да әлі толық көрсете алмай отыр. Қажымұқан туралы нағыз шығарма – бұл оны тек батыр ретінде емес, тереңнен ойлайтын, армандайтын, өкінетін, сүйетін адам ретінде көрсететін туынды болса керек. Мұндай шығарма жазылса – ол нағыз ұлттық классикаға айналар еді.
– Палуанның күрес өнерін мәдени-әлеуметтік құбылыс деп санауға бола ма?
– Оның күресін тек спорт болған деу - қателік. Ол күрес арқылы бірнеше мәселесін шешкен еді. Біріншіден – экономикалық. Яғни, ол күрес арқылы ақша тауып, отбасын асырады. Кейін соғыс жылдарында майданға ұшақ сатып алып берді. Екіншіден – дипломатиялық. Ол жеңген жерде өзгелер «Ресей» деп айтқанмен, айналып келгенде қазақтың аты шықты. Үшіншіден – психологиялық. Отарланған халықтың ұлы жеңімпаз болғанда – бүкіл халықтың еңсесі тіктеледі. Бұны өлшеу қиын, бірақ маңызы зор. Төртіншіден – мәдени. Ол барған жерінде қазақ болып қалды. Мұсылман болып қалды. Ана тілін ұмытпады. Ел аузындағы сөзге қарағанда, шетелде жүргенде де ауылын, жерін сағынып, өлеңге салып айтатын болыпты. Яғни, ол жеңіп қайтқан жерде рухын сатпады. Білгенге бұл да ерлік.
- Қажымұқанның Алаш арыстарымен қарым-қатынасы болған ба?
– Қажымұқан – қазақтың мақтан етер біртуар тұлғасы. Әлемдік деңгейде жеңіске жеткен жеңімпаз. Отарлық дәуірде, халқы «жабайы» және «артта қалған» деп танылған кезде, бүкіл империялар алдында мықтылығын дәлелдеген адам. Оның жеңісі – жалғыз палуанның жеңісі емес. Ол сол кездегі бар қазақтың жеңісі. Бұның сыртында оның адамдық болмысы да маңызды. Ол «халық жауы» деп айдар тағылған Тұрар Рысқұловтың туысқаны ел ішінде «ақ қарға» болып, ешкіммен араласа алмай қалғанда үйіне шақырып, шәй берген. НКВД жандайшаптарының көзінше «Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер ешқандай жау емес, олар ақталады» деп ашық айтқан. Яғни, ол тек физикалық зор күштің ғана иесі емес, үлкен азаматтық болмыстың да иесі болған. Мінекей, бірегейлікке үлгі боларлық тұлғаның өлшемі осындай.



– Сіздің ше күш мәдениеті деген не?
- Бүгінгі «күш мәдениеті» деп аталатын нәрсе – негізінен спорт залдағы нәтиже. Килограмм, метр, секунд. Жетістіктер – медальдар мен рейтингтер. Бұның бәрі жақсы. Бірақ Қажымұқан заманындағы күш мәдениетінде бір нәрсе болған – ол бүгінде жоғалып бара жатыр. Ол – рухани өлшем. Палуан тек мықты болған жоқ. Ол парасатты болуы керек еді. Халыққа қызмет ету – оның міндеті болды. «Балуан келсе – құт келеді» деген сөз бар. Яғни, ескі ұғымда балуан бақыт пен береке алып келуші. Бүгінгідей жай ғана жүлдегер емес. Сол үшін мен «Балуан тас» академиясын құрдым. Сол үшін «Қазақ күшінің картасын» жүргізіп жатырмыз. Сол үшін Шәуілдірде ұмыт болған Балуан тас көтеру рәсімін тірілттік. Мен айтқым келетін нәрсе: күш – тек білекте емес. Күш – бұл рух. Ал рухты тірілту үшін – оны ұмытпау керек. Есте сақтау керек. Ұрпаққа жеткізу керек. Қажымұқан есімін айтқан сайын, біз дәл осыны жасаймыз.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Еске салсақ, Ақмола облысындағы Қажымұқан ауылында қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына орай мектепте «Толағай» спорт залы ашылған болатын.