Қажымұқанның 155 жылдығына орай «Бала Толағай» сайысы өтті
Бүгін Ақмола облысындағы Қажымұқан ауылында қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына орай мектепте «Толағай» спорт залының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елордадан 30 шақырым қашықта орналасқан Қажымұқан ауылы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. 2009 жылы мұнда небәрі 700-ге жуық тұрғын болса, бүгінде ауыл халқының саны 2,5 мыңға жеткен. Мектеп ұжымы да оқушылар санының айтарлықтай артқанын айтады. 2016 жылы білім ордасында 200-ге жуық бала оқыса, қазіргі таңда олардың саны 800-ден асып отыр. Осындай оң өзгерістер аясында мектеп ұжымы ұлттық спортты дәріптеп, Қажымұқан бабаның өнегесін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ерекше мән беруде.

Осы айтулы күнге орай Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне арналған «Бала Толағай» ұлттық күштік ойындарының чемпионаты ұйымдастырылды. Жарысқа барлығы 19 команда қатысып, Алматы және Астана қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды мен Ақмола облыстарынан арнайы келген командалар бақ сынады. 6-8 сынып оқушыларынан құралған әр команда 6 спортшыдан тұрды. Қатысушылар 8 келі қапшық көтеріп жүру, найза лақтыру, ләңгі тебу, 10 келі серкені иыққа салып отырып-тұру, арқан тартыс секілді ұлттық және күштік сайыстарда өзара мықтыны анықтады.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы – орасан күштің иесі. Күрестің бірнеше түрін меңгерген әлем чемпионы. Ол әлемнің бірнеше елінде сынға түсіп, 48 медальді жеңіп алған. Жоба авторы Темір Спатаев жарыстың басты мақсатына тоқталды:
«Біздің негізгі мақсатымыз - болашақта ел қорғайтын ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру. Бұған дейін де «Бала Толағай» жарысын өткізіп келгенбіз. Биыл бағдарламаны кеңейтіп, қыздар арасында бес асық пен садақ атуды қостық. Жеңімпаздар кубок, медаль және қаржылай сыйақымен марапатталады», - деді ол.
Мерекелік шараға Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай елдерінен келген құрметті қонақтар қатысты.
«2022 жылдан бастап қолға алынған «Толағай» алыптар сайысы өз ауқымын кеңейтіп келеді. Ел ішінен басталған бәсеке бүгінде халықаралық деңгейге көтерілді. 2024 жылы қазақ жерінде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына «Толағай» сайысын енгізуге атсалыстым. Нәтижесінде 18 елдің спортшылары бас жүлде үшін бақ сынады. Сол жарыста Түркістан облысының тумасы Азамат Мақұлбеков жеңіске жеткен еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын түркі халқының Олимпиадасы деп атап өткен. Сондықтан Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды батырларымызды ұмыт қалдырмауымыз қажет», - деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Қажымұқан ауылындағы мектепте «Бала Толағай» спорт залы тұрақты жұмыс істеп келеді. Мұнда оқушылар аптасына бес рет жаттығады.
«Бала Толағай» залында аптасына 5 мәрте жаттығамыз. Қазір бұл секцияда 12 бала бар. Жаттығу бізді күшті, төзімді, епті болуға әсерін тигізеді. Дәл осы жарыс арқылы физикалық дайындығымызды шыңдап қана қоймай, ел-жер көреміз деген сенімдемін», – дейді Қажымұқан ауылындағы мектептің 8 сынып оқушысы Арлан Қодасов.
«Бала Толағайы» сайысы тек оқушылардың бәсекесімен ғана өтіп қана қоймай, мәдени шарамен де ұласты.

