Жер қойнауын пайдалануды цифрландыру: қағаз құжат айналымы азаяды
Қазіргі уақытта өнеркәсіп саласында бірқатар цифрлық шешімдер жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай платформасы дамып келеді. Бұл процестерді жеңілдетіп, көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дүбірова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында бүгінде платформа арқылы 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді екенін және 729 лицензия берілгенін айтты.
«Бұл бизнес үшін келісу рәсімдерінің санын қысқартуға, қағаз құжат айналымын азайтуға және қызметтерді жылдам алуға мүмкіндік береді», - деді спикер.
Цифрландыру есептілік саласын да қамтыды: өткен жылдың қорытындысы бойынша лицензиялық-келісімшарт талаптарына қатысты есептердің 89%-ы электронды түрде тапсырылған.