Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемасы әшкереленді
ҚМА-ның Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, «КazСтройОпыт LTD» ЖШС-нің басшысы консалтингтік қызмет көрсету сылтауымен коммерциялық ұйымдарға құрылыс саласындағы жалған жұмыс тәжірибесін рәсімдеу схемасын ұйымдастырған. Осы мақсатта «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған. Нәтижесінде клиент-компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде негізсіз артықшылыққа ие болған.
Аталған схема әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы кеңінен жарнамаланған. Қылмыстық топ құрамында 11 адам болғаны анықталды. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының кейбір лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар да әшкереленді.
Тергеу барысында қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, ақша қаражаты қолма-қол ақшаға айналдырылғаны белгілі болды. Қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асқан.
Сондай-ақ жалған тәжірибе арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталып, тиісті тексеру жүргізу үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданды.
Қазіргі уақытта үш күдікті қамауға алынған. Тағы сегіз адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
ҚМА мәліметінше, мұндай заңсыз схемалар адал емес компанияларға мемлекеттік келісімшарттарға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, сапасыз жобалардың жүзеге асу қаупін арттырады әрі адал кәсіпкерлерді теңсіз жағдайға қояды.