Smart Turmys және ЖИ-негізіндегі сатып алу: коммуналдық сектор қалай цифрландырылып жатыр
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ашықтықты арттыру үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Smart Turmys бірыңғай жүйесін енгізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жүйе азаматтар мен коммуналдық қызметтер арасындағы негізгі өзара іс-қимыл алаңына айналып, есептегіш құралдардан алынатын деректерді біріктіреді.
Вице-министр Жәннат Дүбірованің айтуынша, сонымен қатар Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясында электрондық сатып алу платформасы іске қосылды.
«Бүгінде жүйе жұмыс істеп тұр, оған жүздеген қатысушы – мердігер ұйымдар мен жеткізушілер қосылған. Платформада процестердің жүзеге асырылуын бақылауға және негізгі көрсеткіштерді жедел қадағалауға мүмкіндік беретін аналитикалық дэшборд қалыптастырылуда», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Жәннат Дүбірова сондай-ақ SKAI-Contract интеллектуалды жасанды интеллект модулі сынақ режимінде іске қосылғанын атап өтті. Бағдарлама нарық қатысушыларына сатып алу рәсімдерінде жедел бағдар алуға көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін жер қойнауын пайдалануды цифрландыру қағаз құжат айналымын азайтатыны туралы жаздық.