Инвесторларды қорғау күшейеді: Бас прокуратура INVEST CARAVAN акциясын бастады

Инвесторларды қорғау күшейеді: Бас прокуратура INVEST CARAVAN акциясын бастады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған INVEST CARAVAN жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаны іске асыруға Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бастамашылық еткен. Оның аясында өңірлердегі инвестпрокурорлар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқан нысандарға тікелей барып, кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешуге және әкімшілік кедергілерді жоюға көмектеседі.

Бастаманың негізгі мақсаты – инвесторлар, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор арасында бюрократиялық кідірістер мен ұзақ хат алмасусыз тікелей диалог орнату.

Акция барысында прокуратура өкілдері еліміздің барлық өңіріндегі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды, өндірістік алаңдарды және ірі инвестициялық нысандарды аралайды.

Негізгі назар бизнеске кедергі келтіретін өзекті мәселелерге аударылады. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, рұқсат құжаттарын алу, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің сақталуы, әкімшілік қысым көрсету фактілері және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қаралады.

Жоба аясында инвесторлар өз мәселелерін тікелей өндіріс алаңында көтере алады. Ал уәкілетті органдар оларды жұмыс тәртібінде жедел қарап, нақты шешім қабылдайды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, INVEST CARAVAN бизнес пен мемлекет арасындағы байланысты күшейтіп, инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жедел жоюға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құқықтары бұзылып, әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларға 115 Call-орталығына жүгіну ұсынылды.

Бұдан бұрын елімізде инвесторлар құқығын қорғауға арналған арнайы «прокурорлық сүзгі» механизмі енгізілгенін жазған едік.