Елордада мүгедектігі бар азаматтарға арналған Ашық есік күні өтуде

Бүгін, 16:31
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада мүгедектігі бар азаматтарға арналған Ашық есік күні өтуде
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін елордада мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған Ашық есік күні өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы  әкімдігіне сілтеме жасап.

Іс-шара аясында Астана қаласының тұрғындары әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру және инклюзивті ортаны қалыптастыру мәселелері бойынша тікелей кеңестер алу мүмкіндігіне ие. Іс-шараны Астана қаласының әкімдігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп ұйымдастыруда.

Қазіргі уақытта елордада 41 мыңнан астам (41 089) мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 12 мыңға жуық (12 105) мүгедектігі бар балалар болып табылады.

Ашық есік күнінің басты мақсаты — азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша жедел кеңестік және әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланысты нығайту.

Іс-шара барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Астана қаласы әкімінің, елорданың аудан әкімдерінің кеңесшілері мен штаттан тыс кеңесшілері, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармаларының, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің, аудан әкімдіктерінің, Еңбек мобильділігі орталығы мен Отбасы банкінің өкілдері келесі бағыттар бойынша кеңестер өткізеді:

- әлеуметтік қорғау және инклюзия: мүгедектікті ресімдеу, оңалту бағдарламаларынан өту, қажетті техникалық оңалту құралдарын (ТОҚ) алу және сапалы медициналық көмек көрсету мәселелері;

- жұмыспен қамту және білім беру: мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыру;

- қалалық инфрақұрылым: кедергісіз орта қалыптастыру, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған объектілерді бейімдеу, жол жабындарын жөндеу, сондай-ақ қоғамдық көлік пен аялдамалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық: тұрғын үймен қамтамасыз ету және пәтер иелері кооперативтерімен (ПИК) өзара іс-қимыл мәселелері.

Мамандардың сөзінше, мұндай іс-шараларды өткізу халықтың сұраныстарына жедел зейін қоюға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және жүгінген әрбір азаматтың мәселелерін нысаналы түрде шешуге мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, елордада мүгедектігі бар азаматтарға арналған Ашық есік күні өтетінін жазғанбыз.