Азаматтық бастамаларды қолдауға арналған гранттар тізімі жарияланды
Қазақстанда волонтерлік және азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған шағын гранттар байқауына өтінім қабылдау басталады. Байқауды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба жеңімпаздарына 3 айға дейін өз бастамаларын жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін қаржыландыру, сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Гранттар үш негізгі бағыт бойынша бөлінеді:
– волонтерлік бастамаларды дамыту (экология, медицина, төтенше жағдайлар, әлеуметтік және мәдени жобалар, жануарларды қорғау) – 60 грант;
– инклюзивті қоғамды дамыту – 18 грант;
– ауылдық жерлерді дамыту – 18 грант.
Өтінімдер 2026 жылғы 13–30 сәуір аралығында қабылданады.
Байқауға келесі үміткерлер қатыса алады:
- тіркелген үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ);
- волонтерлік жобалар бойынша бастамашыл топтар;
- волонтерлік жобалар бойынша 18 жастан асқан жеке тұлғалар.
Толық ақпарат Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының www.cisc.kz ресми сайтында жарияланған.
Айта кетейік, өткен жылы 136 жоба іске асырылып, 10 мыңнан астам адамға нақты көмек көрсетілді. 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары, ерекше қажеттілігі бар азаматтар және еріктілер кеңінен қамтылды.
Сондай-ақ волонтерлер археологиялық экспедицияларға қатысып, тарихи мұраларды зерттеуге үлес қосты. Экологиялық және әлеуметтік акциялар өткізіліп, жануарларға көмек көрсетілді.
4 мыңнан астам адам волонтерлік қызмет, алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайларда әрекет ету және қарттарға күтім жасау дағдыларын меңгерді.
Волонтерлердің белсенді қатысуымен 400-ге жуық ерікті археологиялық экспедициялар жұмысына тартылып, тарихи-мәдени мұра нысандарымен жүйелі жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ ветеринарлық көмекке мұқтаж 352 жануар қамтылып, экологиялық акциялар өткізіліп, 1 тоннадан астам қоқыс қалдығы жиналды.
Еске салсақ, биыл 167 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.