«Таза Қазақстан»: Астанада оқушыларға ерекше сынып сағаты өткізілді

Бүгін, 16:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан»: Астанада оқушыларға ерекше сынып сағаты өткізілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Таза Қазақстан» жобасы аясында №43 қосымша білім беру мектеп-орталығының 5-сыныбында ерекше форматтағы сынып сағаты өтті. Іс-шара мектептің жылыжайында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Экология және заң» тақырыбын арқау еткен сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру.

«Сынып сағатының нәтижесінде оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасы қалыптасып, экологиялық заңдарды сақтаудың маңызын түсінді», – дейді «Жас эколог» клубының жетекшісі Баян Секербаева.

Жалпы, мектептерде ұйымдастырылып жатқан мұндай жобалар өз тиімділігін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, жас буынның экологиялық тәрбиеге деген түсінігі қалыптасып келеді.

Оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, қоқысты сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу туралы жүйелі түрде ақпарат берілуде. Сонымен қатар сынып сағаттарынан кейін мектеп ауласын көгалдандыру, ағаш отырғызу және «Таза аула» акцияларын өткізу сияқты практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында табиғатқа жанашырлықпен қарау әрбір оқушының бойында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады.

Еске сала кетейік, полиция «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үш мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісін жойды.