Қазақстандық DarkSwitch әлемде сұранысы жоғары ойындар қатарына енді

Бүгін, 12:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстандық DarkSwitch әлемде сұранысы жоғары ойындар қатарына енді
Фото: freepik.com

Astana Hub қатысушысы – Cyber Temple студиясы DarkSwitch ойынын ұсынды. Ол жарыққа шықпай тұрып-ақ, жаһан назарын жаулаған жобалармен иық тіресті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап. 

Ойынның музыкасын жапон композиторы Акира Ямаока жазды. Оның қоржынында аса танымал Silent Hill сериясының саундтректері де бар. Осылайша, отандық ойын индустриясы әлемге танылған автормен әріптестік орната алатынын айшықтай түсті. 

Жоба қолданушылардың назарын аңдатпа кезінде аударып үлгерді. 230 мыңнан астам қолданушы ойынды күту тізіміне қосты. Ойын өз жанрында аптаның топ-5 ең көп күтілетін ойынының қатарына еніп, ситибилдерлер арасында 8-орынға көтерілді.

DarkSwitch – дарк-фэнтези әлеміндегі қала құрылысы симуляторы және экономикалық стратегия көрінісі. Ойыншының негізгі міндеті – жұмбақ тұманнан төнетін қауіптен қорғану үшін алып ағаштардың айналасында қаланы дамытып, қоныстың өміршеңдігін сақтау. Жоба мазмұнды әлемімен, айқын кейіпкерлерімен және әр шешім қалаға да, кейіпкерлер тағдырына да әсер ететін сюжетімен ерекшеленеді.

Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Алексей Назаровтың айтуынша, DarkSwitch жобасын 50-ден астам маманнан құралған халықаралық команда әзірлеген, олардың жартысынан көбі – қазақстандықтар. Сондай-ақ жобаға ТМД елдері, Испания, Польша, Сербия, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Жапония мамандары атсалысқан.

«DarkSwitch жобасына көп күш жұмсап, жанымызды салдық. Төрт жылдан астам уақытымызды арнадық. Алғашқы пікірлерді оқып, сол еңбектің ақталғанын көріп отырмыз. Релизге бірнеше күн қалғанда SteamDB платформасындағы Upcoming Releases бөлімінде 5-орынға шығу жақсы нәтиже деп білемін. Бұл DarkSwitch-тің әлемдегі мыңдаған жоба арасында ең көп күтілетін ойынның бірі екенін дәлелдейді. Жобаның нәтижесіне қарай оны әрі қарай дамытамыз: ойынды консольдер мен басқа құрылғыларға бейімдейміз, қосымша контент (DLC) шығарамыз, сондай-ақ жаңа бастамаларды іске қосамыз», – деді ол.

Жобаның басты ерекшелігі – қаланың тік архитектурасы. Шектеулі кеңістік көп деңгейлі инфрақұрылым құруды талап етеді. Ойында 80-нен астам ғимарат түрі мен бірнеше технологиялық деңгей бар. Барлық графика қолмен жасалған, бұл ойынның бірегей стилі мен әсерін күшейтеді.

Ойын бәсекелі нарықтарға бағытталған. Қазіргі таңда алты тілде қолжетімді: ағылшын, француз, неміс, қытай, орыс және поляк тілдері. Дыбыстау ағылшын және орыс тілінде ұсынылған. Жаһандық өнім жасай отырып, студия қазақ тіліндегі нұсқасын әзірлеп жатыр. Команда үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар ойынды жүктеген сайын Қазақстанның туын көруі маңызды.