«Таза қала»: елордадағы арнайы техника өндіретін зауыттың ұжымы экоакцияға белсене қатысты
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында елордадағы «Автокомпоненты KZ» ЖШС кәсіпорнының мамандары «Таза қала» бастамасына белсене қатысып, сенбілік өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Қала тазалығына үлес қосуды мақсат еткен зауыт ұжымы өндіріс аумағы мен оған іргелес жерлерді қоқыстан тазартты.

«Таза қала» бастамасына белсене қатысатын біздің кәсіпорын ұжымы тек сенбіліктерде емес, өндіріс аумағында тазалықты тұрақты түрде сақтайды. Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ерекше көңіл бөледі», – деді «Автокомпоненты KZ» директорының өндіріс бойынша орынбасары Эдгар Бенда.
Оның сөзінше, кәсіпорын өндіріс ауқымын кеңейтіп, кадр санын арттыруда. Қазіргі таңда зауытта шамамен 100 адам еңбек етсе, алдағы уақытта қызметкерлер санын 200-ге дейін жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, нарықта 13-14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын тек өндіріс жүргізіп қана қоймай, техниканы Қазақстан бойынша және ТМД елдеріне жеткізеді.
Зауыт заманауи, жоғары сапалы жабдықтармен қамтылған. Шикізаттың басым бөлігі отандық болса, кейбір материалдар Түркия, Ресей және Қытайдан жеткізіледі.
Кәсіпорында тек қазақстандық мамандар жұмыс істейді, олардың арасында 15-20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби мамандар бар. Дегенмен салада білікті кадр тапшылығы сезіледі. Соған қарамастан зауыт жаңа қызметкерлерді қабылдап, оларды өндірісте оқытып, тәжірибеден өткізуде.

Бұған дейін Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты барлық 25 кітапханада сенбілік ұйымдастырылғанын жаздық.