Астанада жол жөндеу барысы: Полиция кептеліс кезінде жол ережесін сақтауға шақырды

Астанада жол жөндеу барысы: Полиция кептеліс кезінде жол ережесін сақтауға шақырды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада жол жөндеу жұмысының басталуына байланысты полиция жүргізушілерге үндеу жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Қалада жол жөндеу жұмысының жүргізілуіне және көлік кептелісінің жиілеуіне байланысты елордалық полицейлер жүргізушілерден жол жүрісі қағидатын сақтауын және жолда жанжал тудырмауын сұрайды. 2026 жылғы жол-құрылыс маусымының басталуына байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Жолдағы өзгерістер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында күні бұрын хабарланады.

«Жол жабынын жөндеу жұмысы қауіпсіздікті арттыру және сапалы жол инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында жүргізіледі. Жұмыс кезеңінде жүргізушілер үшін баламалы қозғалыс бағыты ұйымдастырылады. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтары жолдағы кептелістерді азайту үшін қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет. 

Жыл басынан бері жол жабынын бүлдіргені үшін шамамен 30 жүргізуші әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі жол қозғалысының жалпы ахуалына және жол үстіндегі адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», делінген үндеуде.

Еске сала кетсек, елордада жөндеу жұмысына байланысты бірқатар көше жабылды.