Елордада жөндеу жұмысына байланысты бірқатар көше жабылды

Бүгін, 15:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада жөндеу жұмысына байланысты бірқатар көше жабылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 2026 жылғы жол-құрылыс жұмыстар маусымының басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қаладағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында бірқатар құрылыс және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Осыған байланысты көше-жол желісінің жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.

Атап айтқанда, 4 сәуірден 4 мамыр аралығында Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы көлік айрығында жол жабынына орташа жөндеу жүргізіледі. Қозғалыс ішінара шектеледі.

- 5 сәуір мен маусым айы аралығында Е68 көшесінің А.Бектұров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі учаскесінде құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты автокөлік қозғалысы толықтай жабылады.

- Б.Соқпақбаев көшесінің Ш.Бейсекова көшесінен К.Күмісбеков көшесіне дейінгі учаскесінде құрылыс жұмыстары жалғасады. Аталған учаскеде көлік қозғалысы 5 сәуірден бастап қараша айына дейін толықтай шектеледі.

- «Абайдың 150 жылдығы көшесін Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейін салу» жобасы іске асырыла бастайды. Жоба аясында Бейбарыс Сұлтан көшесінен Сұлукөл көшесіне дейінгі аралық 5 сәуірден 10 қазанға дейін қозғалыс үшін толық жабылады.

Сонымен қатар Кенесары көшесінде Ә.Сембинов көшесінен Сарыарқа даңғылына дейінгі учаскеде орташа жөндеу жұмыстары басталады (2025 жылы Кенесары көшесінде Е.Брусиловский көшесінен Ә.Сембинов көшесіне дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген). Жұмыстар 5-20 сәуір аралығында кезең-кезеңімен жүргізіледі.

«Қазіргі уақытта М.Тынышбаев көшесінде А.Байтұрсынұлы көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейінгі аралықта да жұмыстар жүргізілуде.

Толық жабылатын учаскелерде автокөлік қозғалысы баламалы бағыттар арқылы ұйымдастырылады.

Автобус бағытының өзгеруін де ескерудеріңізді сұраймыз», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді.