Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді

Бүгін, 13:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді
Фото: видеодан скрин/polisia.kz

Астанада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жүк автокөлігі жүргізушілері арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Іс-шара аясында патрульдік полицияның мамандандырылған батальоны жүк көліктеріне бақылауды күшейтті. Әсіресе жүргізушілердің құқық бұзушылықтарды фото және бейнебақылау камералары мен салмақ өлшеу жүйелері арқылы тіркеуден жалтару мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін әдейі алып тастау фактілеріне ерекше назар аударылуда.

Өткізілген іс-шаралар барысында екі құқық бұзушылық фактісі анықталды», - делінген хабарламада.

Бірінші жағдайда 30 жастағы жүргізуші жүк көлігін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз басқарған, сондай-ақ жолдың жүру бөлігінің ластануына жол берген. Жүргізуші жауапқа тартылды.

Екінші жағдайда 25 жастағы жүргізуші нөмірлік белгілерсіз көлік басқарумен қатар, көлік құралдарын басқару құқығынан бұрын айырылған күйде рөлге отырған. Сот шешімімен ол жасаған құқық бұзушылықтары үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Көлік құралдары коммуналдық тұраққа қойылды.

Анықталғандай, екі жүргізуші де автоматты бақылау жүйелері орнатылған учаскелерден өтер алдында жауапкершіліктен жалтару мақсатында мемлекеттік нөмірлік белгілерін әдейі алып тастаған.

Полиция жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға және бақылау жүйелерін айналып өту әрекеттеріне бармауға шақырады. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін әдейі алып тастау, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылған кезеңде рөлге отыру – жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтар және қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.

Еске сала кетейік, «Астана – Петропавл» жолында ережені қатаң сақтайтын жүргізушілер марапатталды.