Астанада велоинфрақұрылым жаңарып, 1 300 электрлі велосипед іске қосылады
Астана қаласында велоинфрақұрылымды кең көлемде жаңарту жобасы қолға алынбақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл бастама «Самұрық-Қазына» АҚ мен компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты мақсаты – қоғамдық веложалдау қызметінің сапасын арттырып, оны тұрғындар үшін қолжетімді ету.
Жоспарға сәйкес, қалада 1 300 электрлі велосипед іске қосылып, велостансалар саны 195-ке дейін ұлғаяды.
Айта кетейік, елордадағы велошеринг жүйесі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бүгінде қалалық көлік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Қазіргі уақытта жүйеде 155 станса мен шамамен 750 велосипед бар.
Жаңғырту жұмыстары жабдықтардың ескіруіне және қызмет тиімділігін арттыру қажеттілігіне байланысты қолға алынып отыр.
«Бұл жоба сервистің сенімділігін күшейтіп, қамту аясын кеңейтуге және қала тұрғындары мен қонақтарына экологиялық таза, заманауи көлік түрін ұсынуға мүмкіндік береді», делінеді хабарламада.
Еске салсақ, Астанада веложалдау қызметінің жаңа маусымы 15 сәуірде басталады.