Құқықтық нигилизмге жол жоқ – Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеудің маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осы күрделі үдерісте ғалымдар ерекше рөл атқарады. Өйткені олар өркениет құндылықтарын дәріптеп, санаткерлік және моральдық қасиеттерімен көпке үлгі көрсетеді. Нағыз ғалымдар ескілік пен қараңғылыққа қарсы күрестің алғы шебінен табылып, ағартушылық пен білім жолында әрдайым топ бастаған. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби дөп басып айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан гуманизм, әділдік, жауапкершілік құндылықтары салтанат құрып, өскелең ұрпақты адамгершілікке және заңды құрметтеуге тәрбиелегенде ғана шынайы өркендеуге бет аламыз», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс екенін, төл болмысымызға жат дүниетанымға көзсіз сенбеуі қажет екенін атап өтті.
«Оның салдары ауыр болады. Ынтымақ-бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың іргесін шайқап, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты қоздырғысы келетіндердің әрекетіне заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылады. Конституцияда жазылғандай, елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы керек. Ғалымдарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет деп санаймын. Құқықтық нигилизмге жол жоқ. Біздің таңдауымыз – заңға бағынатын парасатты қоғам», – деді Қ.Тоқаев.