Астана қаласы кезінде Ғұн империясының қамалы болған – Алдан Смайыл
Жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл Астана қаласы бұрын Ғұн империясының батыстағы қамалы болғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Астана арқаға келуін келді ғой, келгенде де тақыр жерге келген жоқ, Ақмола деген қазақтың үлкен қаласына келді. Біз Астана туралы сериялық кітаптарымызда «Астана қандай қалаға келді, оның тарихы қандай? Соны таныстырайық» деген мақсат қойып едік. Шын мәнісінде Ақмоланың аты сонау ғұн заманынан қалған, ол тарихта талай мәрте дәлелденген. «Ақ» сөзі «батыс», «мола» сөзі «қамал» ұғымын білдіреді. Бұл Ғұн империясының батыстағы қамалы болған. Мұндай қамал Арқада екеу болған, бірі қазіргі Ұлытау облысының жерінде, екіншісі осы жерде», – деді Алдан Смайыл «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің «Елорда шежіресі» және «В ритме столицы» кітаптарының тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде.
Жазушының ойынша, болашақта бас қаланың тарихы сол дәуірмен байланыстырылуы мүмкін.
«Ағылшын тілінде шыққан кітабымызда Астананың 6-7-ғасырлардағы тарихынан бастап жазып шыққан едік. Мысалы, Алматының тарихына оның тек астана болған кезінен бастап қарамаймыз ғой. Оның екі мың жылдығы айтылып жүрді. Сонау Алмалық қаласынан басталады деген пікір де айтылды. Сондықтан Астананың да Ақмолаға келгені, оның арғы тарихы айтылуы тиіс. Келешекте Ақмоланың төркіні түгенделіп, оның арғы жағы есептеліп тойланатын болса, мүмкін сонымен де байланыстыратын шығармыз деп ойлаймын. Өйткені ол – тарих. Тарих болған соң ол ешуақытта өшпейді. Ата-бабалармыздың өткен-кеткені ешқашан ұмытылмайды», – деді ол.
Бұдан бұрын «Елорда шежіресі» және «В ритме столицы» кітаптарының тұсаукесерінде «Астана ақшамы» газетінің әр жылдары қызмет атқарған бас редакторлары бас қосқанын жазған едік.