Astana aqshamy және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті
2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні қарсаңында бас қаладағы Ұлттық академиялық кітапханада Elorda Aqparat медиахолдингінің құрамындағы Astana aqshamy және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығына орай жарыққа шыққан «Елорда шежіресі» және «В ритме столицы» кітаптарының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, газетте әр жылдары қызмет атқарған бас редакторлар мен журналистер қатысты.

«Елорда шежіресі» кітабында Тәуелсіздік қарсаңында 1990 жылдың күзінен бастап, Арқа төсіндегі шағын ғана Целиноград қаласы басшылығының көмегімен оқырман қолына тие бастаған газеттің шаһар өмірімен біте қайнасқан бүгінге дейінгі республикаға кеңінен таныс тыныс-тіршілігі жан-жақты сипатталады.
Елорданың қалыптасу, даму, өркендеу жолының шежіресі топтастырылған Astana aqshamy газетінің мерейлі белесіне арналған кітапта осы жылдар ішінде шежіреге айналған айшықты оқиғалар, әр кезеңдегі газет басшыларының, көрнекті қаламгерлердің, білікті авторлардың және ойлы оқырманның естеліктері мен мақалалары да жарияланған.

35 жыл ішінде қос басылымда шоқтығы биік қаламгерлердің еңбек еткенін, осы уақыт аралығында газеттер елге белгілі талай журналисті түлеткенін айтқан Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек тілшілердің кейінгі жылдардағы жетістіктерін де тілге тиек етті.
Іс-шара барысында Сенат депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай журналистика мен бұқаралық коммуникация саласында елеулі еңбек еткені үшін Astana aqshamy газетінің бұрынғы журналисі Раушан Мырзахмет, Astana aqshamy («Ақмола ақиқаты») газетінің тұңғыш бас редакторы Кенже Жұмағұлов пен бұрынғы бас редакторы Мағжан Садыханұлы сынды қаламгерлерді «Ақпарат ардагері» төсбелгісімен марапаттады.


Жиында сөз алған қаламгерлер басылым ұжымын «Елорда шежіресі» кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
«Астананың тарихы туралы ең алғашқылардың бірі болып кітап жазғандардың бірі мен едім. 2007 жылы жарық көрген «Астана сәулеті» және «Архитектура Астаны» деген кітаптарымызда қаладағы жаңа ғимараттардың қалай салынғанынан бастап жаздық. Кітапты жазу кезінде елорданың бас жоспарын жасаған жапондық архитектор Кисе Курокавамен арнайы хабарласып, сұхбат құрған болатынбыз.
Бұл кітапта да Astana aqshamy газеті көтерген әр жылдардағы өзекті мәселелер мен Астананың тарихы қамтылыпты», - деді жазушы, публицист Алдан Смайыл.

Жиында сөз алған қаламгерлер қаланың идеологиясына қатысты ұсыныс-тілектерін де жеткізді. Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай өңірлік қағаз басылымдарын сақтап қалу бүгінгі өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.

Бұл ретте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов Astana aqshamy газеті туралы пікірін білдірді.
«Арқаның төсінде бастау алған бұл газет үлкен жолдан өтті. Жалпы, қалалық газет деген шартты нәрсе. Мысалы, «Вашингтон пост» – қалалық газет, «Нью-Йорк таймс» – қалалық газет. Сондықтан бұл газет жаңа елорданың, қаланың ғана емес, жалпы мемлекеттің орнығуына үлкен үлес қосты деуге болады. Осы газеттің республикаға таралуына мүмкіндік туғаннан кейін, Қазақстанның қиыр-қиырынан жазылушылар шығып, олар елорданың тынысынан хабардар болып отырды. Мысалы, Созақта жатып, Astana aqshamy газетін жаздырып алуға мүмкіндік болды, қазір де бар. Газеттің басы-қасында жүрген азаматтар, авторлық еткен, аппаратта жұмыс істеп жүрген азаматтар, тілшілер, корректор, терімші, шопырына дейін үлкен алғыс айтуға лайықты деп ойлаймыз. Бұл газетте журналистиканың үлкен мектебі қалыптасты. Талай мықты редакторлар жұмыс істеді», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Өз кезегінде Astana aqshamy газетінің бұрынғы бас редакторы, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп осы басылымда елорданың зиялы тобы қалыптасқанын атап өтті.
«Astana aqshamy газеті қаланың тыныс-тіршілігін жазып келеді. Газеттің алғашқы редакторы Кенже мырзадан бастап, қазіргі бас редакторы Еркін Қыдырға дейін басшылық еткен азаматтардың еңбегі зор. Оның ішінде Жұмагүл апайдың атын ерекше атап өткен жөн. Ол кісілер қиын кезеңдерде жанын салып жұмыс істеді. Астана астана болғалы осы жерде қаланың жаңа зиялы тобы қалыптасты. Осы 35 жыл ішінде газет қаланың шежірешісі болды деп айтуға болады. Біз де осы басылымда аз-кем қызмет атқардық. Шамамыз келгенше газетті жалпақ жұртқа танытуға атсалыстық. Бауыржан Омаров, Талғат Батырхан, Ғалым Қожабеков сияқты азаматтармен бірге қызмет атқардық. Газеттің бүкіл баяны жинақталып, үлкен кітап болып шығуы біз үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де қажетті дүние деп есептеймін. Екі басылым да өздерінің атына заты сай, Астананың мәртебесіне лайықты жаңа қарқынмен шығып жатыр», - деді Нұртөре Жүсіп.

Іс-шара барысында ҚР Журналистер одағы атынан Astana aqshamy газетінің бас редакторы Еркін Қыдырға «Парасатты тұлға» төсбелгісі, ал бас редактордың орынбасары Ғалым Қожабековке «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі табысталды, иықтарына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.


Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana aqshamy және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өткен болатын. Ал қараша айында Astana aqshamy газеті «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері атанған еді.