Елімізде бір айдың ішінде 700-дей адам ХҚКО-ларда цифрлық сауаттылығын арттырды
Қазақстанда электрондық сервистерге деген қызығушылық артып келеді, бұл оқудан өткен азаматтар санының өсуімен расталады. Тек наурыз айының өзінде шамамен 700 адам ХҚКО-ларда цифрлық сауаттылық пен кибергигиена бойынша оқудан өтіп, онлайн-сервистерді өз бетінше пайдалануды бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының ресми телеграм парақшасына сілтеме жасап.
Оқу форматы барынша практикалық бағытта ұйымдастырылған, күрделі теориясыз, нақты өмірлік жағдайларға басымдық беріледі — анықтамалар алудан бастап, бөлімшеге бармай-ақ қызметтерді рәсімдеуге дейін. Бұл адамдарға уақыт үнемдеуге және цифрлық ортада өзін сенімді сезінуге мүмкіндік береді.
Оқыту еліміздің барлық өңірлерінде тегін және алдын ала жазылусыз өткізіледі. Астанада сабақтар тұрақты түрде сәрсенбі және жұма күндері өтеді, ал басқа қалаларда кесте ХҚКО жүктемесіне қарай қалыптастырылады.
Аталған бастама Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып, мемлекеттік қызметтердің әрбір азамат үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған.