Астанада оқушыларға алаяқтық, дропперлік және есірткі қылмыстарының қаупі түсіндірілді
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қалалық прокуратура мектеп оқушыларына арнап дәріс өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала прокуратурасының мәліметінше, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыс кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі саналады.
Іс-шара барысында оқушыларға қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері түсіндіріліп, жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлері – алаяқтық, дропперлік, есірткі қылмыстары және өзге де заңға қайшы әрекеттер бойынша қандай жаза қарастырылғаны туралы ақпарат берілді.
Аталған іс-шараның мақсаты – мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдердің қылмыстық схемаларға тартылу қаупін азайту және құқық бұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Жиынға 9-11 сыныптарда оқитын 130 оқушы қатысты.

Бұған дейін Президенттің «Заң мен тәртіп» идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс екенін айтқанын жаздық.