Елдегі қариялар мен балалар санының арақатынасын көрсететін демографиялық көрсеткіш жарияланды

Бүгін, 21:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елдегі қариялар мен балалар санының арақатынасын көрсететін демографиялық көрсеткіш жарияланды
Фото: freepik.com

Қазақстанда халықтың қартаю индексі біртіндеп артып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Былтыр бұл көрсеткіш 100 балаға шаққанда 32,9-ға жетті. Одан бір жыл бұрын көрсеткіш 31,1 болған. Яғни, елімізде 15 жасқа дейінгі әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 32,9 адамнан келеді.

Қалаларда қартаю индексі ауылдық жерлермен салыстырғанда жоғары — тиісінше 34,9 және 29,6.

Өңірлер бойынша ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау облысында (16,2), Түркістан облысында (17,2) және Шымкент қаласында (17) тіркелген.

Ал ең жоғары мәндер Солтүстік Қазақстан (84,1), Шығыс Қазақстан (80,7) және Қостанай облыстарында (71,3) байқалады. Сонымен қатар, Павлодар (60,2) және Қарағанды (56,6) облыстарында да көрсеткіш жоғары деңгейде.

Ірі қалаларға келсек, Алматыда қартаю индексі 38,3 болса, Астанада бұл көрсеткіш 22,9-ды құрайды.

«Халықтың қартаю индексі — қарт адамдар мен балалар санының арақатынасын көрсететін демографиялық көрсеткіш. Ол 15 жасқа дейінгі 100 балаға шаққанда еңбекке қабілетті жастан асқан адамдар санын сипаттайды. Көрсеткіш неғұрлым төмен болса, халық құрылымы соғұрлым жас, ал жоғары болған сайын қарттар үлесі басым екенін білдіреді», - деп хабарлады  Ұлттық статистика бюросы.

Еске салсақ, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы ел тарихындағы ең жоғары деңгейге жетті