Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы ел тарихындағы ең жоғары деңгейге жетті – ДСМ
Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Соңғы 30 жылдан астам уақытта бұл көрсеткіш 8 жылдан аса өсіп, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы мен халықтың өмір сапасының жақсарғанын көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, 1991 жылдан бастап 2025 жылды қоса алғандағы кезеңдегі демографиялық деректерді талдау халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулық жағдайында түбегейлі өзгерістер болғанын көрсетеді.
«Қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы (КӨҰ) 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы абсолютті рекордты құрады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1991 жылы, КӨҰ орташа көрсеткіші 67,6 жасты (2001 жыл – 65,6, 2011 жыл – 68,98, 2021 жыл – 70,23) құрады. Осылайша, үш жарым онжылдық ішінде ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа артты», – делінген хабарламада.
Өмір сүру ұзақтығына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – инфекциялық емес аурулармен күрес бойынша іске асырылып жатқан шаралар.
ДСМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылы Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінде инфекциялық емес аурулардан болатын өлімді 25 пайызға төмендеткен елдердің алғашқы ондығына енді. Бұл көрсеткіш ДДҰ-ның Еуропалық жұмыс бағдарламасының нысаналы индикаторы болып саналады.
«Оң динамика денсаулық сақтау жүйесін дамыту, халықтың өмір сапасын жақсарту және өлімді төмендету бойынша мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айғақтайды.
Қазақстан Үкіметі 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу жөнінде өршіл мақсат қойып отыр», – деді Денсаулық сақтау министрлігінен.
Бұған дейін Ақтөбеде 13 балаға күрделі жүрек отасы жасалғанын жаздық.