Астанада бүлдіршіндердің қауіпсіздігі арнайы жиында талқыланды
Астана қаласында 1 «Бәйтерек» балабақшасында ата-аналар мен педагогтердің қатысуымен маңызды кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Астана қаласы бойынша бала құқықтарын қорғау уәкілі Әсима Бимендина, Астана қаласы бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев, төтенше жағдайлар департаментінің СЭС қызметкерлері, «Байқоңыр» ауданы полиция департаментінің және Астана қаласы білім басқармасының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ата-аналарға балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары туралы маңызды мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар қауіпсіздік тақырыбында арнайы ойындар көрсетіліп, ата-аналарға тәжірибелік түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара аясында балалардың қауіпсіздігіне арналған көрме ұйымдастырылып, қатысушылар пайдалы ақпараттармен танысты.
Бұған дейін мектеп жасына дейінгі балалар арасында елордада «Бестемше» ұлттық ойыннан өңірлік жарыс өткенін жаздық.