Ербол Жолданғар: Жаңа заңның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру

Ербол Жолданғар: Жаңа заңның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау және жаңа өзгерістерді түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

– Ербол Қабдығалиұлы 1 шілдеден бастап жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң күшіне енді. Осы заңның негізгі мақсаты мен маңызына тоқталып өтсеңіз.

– Жаңа заңның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту, мемлекеттік бақылау саласында цифрлық технологияларды қолдану, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы басқару процестерін жетілдіру.

Сонымен қатар, жаңа заңнамалық реттеу аясында профилактикалық тетіктер күшейтіліп, тәртіптік жауаптылық институты жетілдірілді. Мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі мемлекеттік қызметке қабылдаудың және оны өткерудің негізгі талаптарының бірі ретінде белгіленді. Мінсіз бедел ұғымы мемлекеттік қызметке кіруге немесе оны өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болмауымен қатар, тұлғаның жеке, әдептік және кәсіби қасиеттерінің жиынтығын қамтиды.

– Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде қандай талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады?

– Сонымен бірге жаңа заңда мемлекеттік қызметке қабылдауға қатысты талаптар күшейтілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған тұлғаларға, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бір жыл ішінде заңнамалық шектеулерді немесе қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтарға мемлекеттік қызметке кіруге жол берілмейді.

Сол сияқты мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатылған немесе шығыстарының кірістеріне сәйкес келмеуі фактісі бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына сәйкес өкілеттігі тоқтатылған адамдардың мемлекеттік қызметке қабылдануына заң жүзінде тыйым салынған.

– Мемлекеттік қызметшілер арасында жұмыс уақытынан тыс жұмыс істеу мәселесі жиі көтеріліп жатады. Осы бағытта қандай талаптарды білу маңызды?

– Ең алдымен, жұмыс уақытынан тыс жұмыс заңнамада белгіленген талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылуы тиіс. Мемлекеттік қызметші өзінің қызметтік міндеттерін орындау барысында белгіленген жұмыс режимін сақтауға құқылы.

Мемлекеттік қызметшіге демалыс және мереке күндеріндегі жұмысы үшін мемлекеттік қызметшінің күндік мөлшерлемесі негізге алынып, бір жарым еседен төмен емес жоғарылатылған мөлшерде ақы төленеді. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеуге арналған шығыстарды жоспарлау кезінде олардың мөлшері тиісті қаржы жылына бекітілген, мемлекеттік органның штат бірліктері жалпы санының бір пайызы шегінде белгіленеді. Демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметшінің қалауы бойынша оған тиісті демалу күндері (сағаттары) беріледі.

Сонымен бірге, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органның бастамасы бойынша мемлекеттік қызметшіні белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығынан тыс жұмысқа (үстеме жұмысқа) тартуға мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісімімен мемлекеттік органның актісі негізінде жол беріледі. Үстеме жұмыс бір жұмыс күні ішінде екі сағаттан аспауға тиіс.

Осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан аспауға тиіс. Үстеме жұмыс кезінде мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес үстеме жұмыс уақыты үшін демалу күндері (сағаттары) беріледі не үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленеді.

Жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жіберілмейді.

– Жаңа заңнама аясында мемлекеттік қызмет саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында қандай жаңа тәсілдер қарастырылған?

– Құқық бұзушылықтардың алдын алу қызметін жетілдіру мақсатында штат саны кемінде 120 бірлік мемлекеттік органдарда құқық бұзушылықтардың алдын алу қызметтері құрылатын болады. Бұл құрылымдық бөлімшелер ұйымдық тұрғыдан дербес болады және мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынады. Мұндай тәсіл олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, қызметтік тергеп-тексерулердің объективтілігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Жаңа заң қабылданғаннан кейін Департамент тарапынан қандай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде?

 Департамент тарапынан мемлекеттік органдардың қызметшілеріне жаңа заңның негізгі нормаларын түсіндіруге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда кездесулер, семинарлар және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар заңнамадағы өзгерістер бойынша ақпараттық материалдар әзірленіп, мемлекеттік қызметшілердің назарына жеткізілуде. Біздің мақсатымыз – тек заң талаптарын хабарлау емес, олардың іс жүзінде дұрыс орындалуына жағдай жасау.

– Сұхбат соңында Ербол Қабдығалиұлы, мемлекеттік қызметшілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Мемлекеттік қызмет – бұл тек жұмыс емес, бұл – елге қызмет ету, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір мемлекеттік қызметші өз міндетіне адал қарап, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Себебі мемлекетке деген сенім ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеті арқылы қалыптасады.

Заңды білу – тек міндет емес, сонымен бірге өз құқықтарыңызды қорғаудың маңызды құралы. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерді заңнамадағы өзгерістермен үнемі танысып, өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуге шақырамын. Ал департамент өз кезегінде мемлекеттік қызметшілерге қажетті түсіндіру және әдістемелік қолдау жұмыстарын жалғастыра береді.

– Сұхбатыңызға рақмет!