Қарыз көбейіп кетсе, не істеу керек: 5 маңызды қадам

Қарыз көбейіп кетсе, не істеу керек: 5 маңызды қадам
Фото: pexels.com

Бірнеше несие алып, қарызын өтеуде қиындыққа тап болған азаматтар берешегін реттеп қана қоймай, тұрақты табысқа қайта оралу үшін де мемлекеттік қолдау ала алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Telegram арнасында жарияланған видеода Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Мұхтар Төлеу түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бірінші қадам – қаржылық жағдайды бағалау

Қарыз көбейіп, ай сайынғы төлемдерді өтеу қиындаған жағдайда, азамат өзінің барлық берешегін анықтап, оны реттеу жолдарын қарастырғаны жөн. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтарға қаржылық сауаттылық бойынша кеңес беріледі.

Екінші қадам – берешекті қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастыру

Қарызды бірден толық өтеу мүмкін болмаса, оны реттеудің басқа тетіктерін пайдалануға болады. Мамандар азаматтарға берешекті қайта құрылымдау және төлем қабілетін қалпына келтіру мәселелері бойынша көмек көрсетеді.

Үшінші қадам – бірнеше қарыз болса, қаржылық келісім тетігін пайдалану

Егер азаматтың бірнеше банкте несиесі немесе микрокредиті болса, бұл жағдайды реттеуге мүмкіндік бар. Мұхтар Төлеудің айтуынша, биылғы 1 шілдеден бастап бір терезе қағидаты бойынша finkelisim.kz тетігі қолға алынған.

Төртінші қадам – тұрақты табыс көзін қалыптастыру

Қарызды реттеумен қатар, азаматтың табысын қалпына келтіруі де маңызды. Бұл үшін мансап орталықтары арқылы тұрақты жұмысқа орналасуға, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдануға және қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуге болады.

Бесінші қадам – жұмыспен қамту шараларын пайдалану

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі де бар. Берешегі бар азаматтардың арасынан 5,1 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылған. Оның ішінде 3 450 адам тұрақты жұмысқа, 823 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылған. Ал 92 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен.

«Мемлекет азаматтарға қарыз мәселесін ғана шешіп қоймай, тұрақты табыс мәселесін шешуге де көмектеседі. Мансап орталықтары арқылы азаматтарға жұмыспен қамту қолжетімді. Олардың қатарында тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту және басқа да қолдау шаралары бар», – деді Мұхтар Төлеу.

Осылайша, қаржылық қиындыққа тап болған азамат үшін негізгі міндет – қарызды елемей жүре беру емес, оны реттеудің қолжетімді тетіктерін уақытында пайдалану. Мемлекеттік қолдау берешекті реттеумен қатар, азаматтың тұрақты табысқа қайта оралуына да бағытталған.

Бұдан бұрын борышкерлер коллекторлармен қалай сөйлесуі керектігі жөнінде заңгермен сұхбат құрған болатынбыз.