Тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді

Тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді
Коллаж: Сауда және интеграция министрлігі

Тамыз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының төмендеуімен аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Соңғы аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) индексі 100% болды. Тамыз айының басынан бері бағалар 0,2%-ға төмендеді. Жыл басынан бері индекс 101,4%-ды құрады, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 107,9% болған. Осылайша, жыл басынан бері азық-түлік бағасының өсуі ең төмен деңгейде қалып отыр және өткен жылғы көрсеткіштен 5 еседен астам төмен.

«Қазіргі оң динамикаға жаңа өнімнің маусымдық түсуі ықпал етті. Көкөніс өнімі бағасының төмендеуі жалпы индексті тұрақтандырып, жекелеген тауарлар бойынша бағаның өсуін өтеуге мүмкіндік беріп отыр.

ӘМАТ бойынша оң динамика азық-түлік инфляциясынан да көрінеді. Жылдық мәнде оның деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 13,5%-дан шілде қорытындысы бойынша 10,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте жұмыс маусымдық шаралармен ғана шектелмейді. Негізгі назар өнімдердің түпкілікті құнына тікелей әсер ететін факторларға: делдалдарға, нарықтарға, көлік шығынына және өндірушілер сататын бағаға аударылды», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі С.Жұманғариннің тапсырмасы бойынша өңірлерде азық-түлік нарықтарына зерттеу жүргізіліп жатыр. Жеткізу тізбектері, жалдау шарттары және түпкілікті бағаның қалыптасуы талданады. Артық делдалдарды анықтауға ерекше назар аударылды. 

Көлік шығынын төмендету мақсатында азық-түлік өнімдерін теміржол арқылы тасымалдауға жеңілдікті тариф қолданылады. Бүгінгі таңда оны 50-ден астам компания пайдаланды, 38 мың тонна өнім тасымалданды.

Министрлік отандық өндірушілермен жұмыс жалғасып жатқанын мәлім етті. ӘМАТ өндірушілері үшін электр энергиясына тарифті 20%-ға төмендету көзделген. Қолдау босату бағасын ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелер қабылданған жағдайда көрсетіледі. Сонымен қатар тұрақтандыру қорларының жұмыс істеу тетігі қайта қаралды. Тәсіл өнімді жай ғана сатып алуға және бөлінген қаражатты игеруге емес, нақты нәтижені – оның бағаға әсерін бағалауға бағытталады.

Осы мақсатта тұрақтандыру тетіктері нақты тауар мен өңірдегі жағдайға қарай нысаналы түрде қолданылады. Сондай-ақ өнім қозғалысының қадағалануын және ӘКК арқылы бағытталатын қаражаттың тиімділігіне бақылауды күшейту жоспарланған.

Еске сала кетсек, Халықаралық валюта қорының болжамынша 2030 жылы Қазақстан әлемдік экономикада 45-орынға көтеріледі.