Қазақстанда екі жүзден астам азамат мемлекеттік жәрдемақыларды алуды өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, ал мұндай шешім қабылдағандардың саны біртіндеп артып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі тұрмыстық жағдайын бағалай келе, отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатынына көз жеткізген азаматтар осындай шешім қабылдаған. Олар мемлекеттік көмектен мүлде бас тартып жатқан жоқ. Тек өздеріне тиесілі төлемді алуды тоқтатып, бұл көмектің бүгінгі күні шын мұқтаж отбасыларға бағытталғанын қалайды.
Мұндай шешім қабылдаған азаматтар туралы ақпараттар еліміздің әр өңірінен түсіп жатыр. Олардың арасында кәсіпкерлер, көпбалалы ата-аналар және тұрмыстық жағдайын жақсартып, бүгінде отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатындар да бар.
Бұрын аталған жәрдемақылар азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалатын. Кейбір жәрдемақылар азамат өтініш бермей-ақ, автоматты түрде рәсімделетін. Ал SMS арқылы жәрдемақыдан өз еркімен бас тартудың жеңілдетілген тәртібі бұрын болмаған. Енді азаматтарға осындай мүмкіндік беріліп отыр.
Бұған дейін Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер бойынша әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын отбасылардың кейбір жәрдемақы алушыларына SMS жіберілген. Онда азаматтарға тиісті төлемнен өз еркімен бас тарту мүмкіндігі түсіндірілген.
Азамат жәрдемақыдан бас тарту туралы шешімін SMS хабарламаға жауап беру арқылы білдіре алады. Өз еркімен бас тартқан азаматтардың тиісті төлемдері 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындаудың жаңа тәртібі күшіне енгенге дейін тоқтатылады. Бұл ретте тек азамат бас тартқан төлем ғана тоқтатылады.
Отбасының цифрлық картасы мемлекетке әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақтырақ бағалауға көмектеседі. Соның негізінде мемлекеттік қолдау отбасының шынайы жағдайына қарай көрсетіледі. Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі басты мақсат та осы, көмекті уақытында көрсетіп, оны ең алдымен шын мұқтаж адамдарға бағыттау.
Осы ретте SMS келуі жәрдемақының автоматты түрде тоқтатылатынын немесе төленбей қалатынын білдірмейді. Бұл шешімді азаматтың өзі қабылдайды. Ал заңда көзделген жәрдемақыны алуды жалғастырған азаматтар мемлекеттік қолдауға деген заңды құқығын пайдалана береді.
Кейбір отбасылар үшін мемлекеттік көмек өмірінің белгілі бір кезеңінде үлкен қолдау болған. Ал бүгінде тұрмысы түзеліп, табысы артқан соң, олар жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуды жөн көріп отыр. Мұны әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж адамдарға бағытталуын қолдау деп түсінуге болады.
Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы әрі кәсіпкер Қалауша Садықова өзкәсібін енді бастаған кезде мемлекеттік қолдаудың отбасы үшін маңызды болғанын айтады.
«Мен көпбалалы ана ретінде мемлекеттік көмектің отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Өз кәсібімді енді бастаған кезде бұл қолдаудың біз үшін пайдасы зор болды. Қазір кәсібім дамып, отбасымды өзім қамтамасыз ете аламын.
Сондықтан көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарту туралы шешім қабылдадым. Мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау олардың жағдайына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді деп ойлаймын», – дейді Қалауша Садықова.
Еске сала кетсек, министрлік C, D және E санаттарына қандай отбасы жататынын түсіндірді.