NASA ғаламның құпиясын зерттейтін жаңа телескопын ғарышқа ұшырды
NASA ғаламның қараңғы материясы мен қараңғы энергиясын зерттеуге арналған жаңа «Роман» ғарыш телескопын орбитаға шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Нэнси Грейс Романның есімі берілген телескоп Флоридадағы Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан SpaceX компаниясының Falcon Heavy зымыранымен ұшырылды. NASA мәліметінше, аппарат жоспарланған мерзімнен шамамен тоғыз ай бұрын ғарышқа жіберілген.
«Роман» телескопы Жерден шамамен 1,6 млн шақырым қашықтағы Лагранж-2 нүктесіне бағыт алады. Бұл аймаққа бұған дейін «Джеймс Уэбб» телескопы да орналастырылған.
Жаңа обсерваторияның негізгі миссиясы бес жылға жоспарланған. Оның басты міндеттерінің бірі – ғаламның шамамен 95 пайызын құрайды деп есептелетін қараңғы материя мен қараңғы энергияның табиғатын зерттеу.
Телескоптың айрықша ерекшелігі – кең ауқымды аспан аймақтарын өте жылдам түсіре алуы. Оның негізгі айнасының диаметрі 2,4 метр болғанымен, «Роман» бір түсірілімде «Хаббл» телескопынан 200 еседен астам үлкен аспан аумағын қамти алады.
NASA өкілдерінің айтуынша, телескоптың бақылау мүмкіндігі «Хабблдан» мың еседен астам жоғары. Ол бір жыл ішінде шамамен 500 терабайт көлемінде дерек жинай алады.
Ғалымдар жаңа аппараттың көмегімен миллиардтаған галактиканы зерттеп, олардың қалыптасуы мен эволюциясын бақылауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Роман» гравитациялық линзалау құбылысын зерттеу арқылы Эйнштейннің жалпы салыстырмалылық теориясының ғаламдық масштабтарда қаншалықты дұрыс жұмыс істейтінін тексеруге мүмкіндік береді.
Телескоптың тағы бір маңызды міндеті – экзопланеталарды іздеу. Ғалымдар оның көмегімен мыңдаған жаңа планетаны анықтап, біздің Күн жүйесіне ұқсас планеталық жүйелердің құрылымы туралы кең көлемді дерек алуды күтеді.
Жаңа телескоптың бақылаулары ғаламның қалай пайда болғанын, оның уақыт өте қалай өзгергенін және қазіргі таңда ең жұмбақ саналатын қараңғы энергия мен қараңғы материяның табиғатын түсінуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Бұдан бұрын жаһандық мәселе орбитадағы қалдықтар туралы жазған едік.