Жаһандық мәселе: орбитадағы қалдықтарды кім тазалайды

Жаһандық мәселе: орбитадағы қалдықтарды кім тазалайды
Фото: freepik.com

Бұл сұраққа «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Аманат Үмбетбаев жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

– Ғарыштағы қоқыс мәселесі – қазіргі таңда өте белсенді талқыланып жатқан тақырыптың бірі. Себебі соңғы 10-15 жылдың өзінде көптеген мемлекет көп жер серігін ұшырды. Оған қоса бұрынғы ұшырылған спутниктердің де жұмыс істеу уақыты аяқталып келеді. Уақыты аяқталған соң басқа да қоқыстармен соғылып, істен шығып, олар да бір күні қоқысқа айналады. Бұл – негізі дүниежүзін алаңдататын жағдай. Сондықтан Жапония қателеспесем, 2024 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғарыш саласындағы төртінші комитетінің аясында жоба жасап, қазір соны ілгерілетумен айналысып жатыр, - деді ол.

Оның айтуынша, бұл мәселе барлық мемлекетті алаңдатқанмен, қазіргі уақытта ғарыштағы қоқысты жинап, басқа жаққа апарып тастайтындай аппарат әлі де жоқ.

– Ол неліктен үлкен мәселе болып саналады десеңіз, бәріміз де жер серігін жасаймыз, ұшырамыз. Ал сол жер серігінің қауіпсіздігі – біз үшін басты мәселе. Себебі ол жаққа ұшырып жатқан ғылыми жобаларымыздан дұрыс нәтиже көру маңыздылығы зор. Сондықтан ғарыштағы қоқыс мәселесі өте өзекті. Бұл мәселемен біздің компания айналыспайды. Мұнымен айналысатын Алматы қаласындағы бірқатар компания сол ғарыштағы қоқыстарды телескоп арқылы бақылап, тиісті ақпаратты беріп тұрады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ғарыш саласындағы төртінші комитетінде бұл өз алдына бөлек тақырып ретінде қаралады. Сол бойынша жоғарыда айтқанымдай, Жапония бастама көтеріп, тиісті құжаттар жасалып жатыр. Естуімізше, көрші Қытай елі мен Еуропа елдері осы мәселе тұрғысында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында жаңалықтардан Назарбаев Университеті осы бойынша жаңа технология, ғарыштық жоба жасап жатқанын құлағым шалып қалды. Ғылыми мекемелер мен мемлекеттік органдардың осы тақырыпқа қызығушылық танытып жатқаны өте дұрыс деп санаймын. Себебі түптің түбінде ғарыштағы қоқыс мәселесінің қандай да бір шешімі табылса, бәріміз үшін де жақсы жаңалық болады, - деді Аманат Үмбетбаев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Сұхбаттың толық нұсқасын осы жерден оқи аласыз.