«Баршаға қолжетімді және сапалы білім»: Астанада халықаралық форум өтіп жатыр
Астанада «Баршаға қолжетімді және сапалы білім: тәжірибе, мәселелер және мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Аталған форумның мақсаты – инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және білім беру сапасын арттыруға бағытталған тиімді шешімдерді қарастыру.

Форумға сала мамандары, инклюзивті білім беру бойынша халықаралық сарапшылар (Үндістан, Канада), өңірлердің білім басқармаларының мамандары, әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты.

«Инклюзивті білім беру – қоғамдағы теңдік, әділдік және әрбір баланың қадір-қасиетін құрметтеу қағидатына негізделген маңызды қадам. Бүгінгі таңда баршамыздың үлкен міндетіміз – әр баланың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың да толыққанды білім алып, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру. Соңғы жылдары инклюзивті білім беруді дамыту бағытында бірқатар нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Елімізде жалпы білім беретін мектептердің басым бөлігінде инклюзивті білім алуға жағдай жасалған. Бүгінде Қазақстанда мектептердің шамамен 90 пайызында инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдай қалыптастырылды. Қала мектептерінде оқушыларды қолдау мақсатында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесі енгізілген. Астана қаласына тоқталатын болсақ, 85 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Жалпы, соңғы жылдары бұл бағытқа үлкен назар аударылып, көңіл бөлініп келеді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылымдар жаңартылып, мектептер қажетті жабдықтармен жарақтандырылып жатыр», – деді Астана қаласы білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева.
Сонымен қатар ол инклюзивті білім беру сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің кәсіби дайындығына байланысты екенін атап өтті.

«Тағы бір маңызды бағытымыз – педагог кадрларды даярлау. Инклюзивті білім беру сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің кәсіби дайындығына байланысты. Осы мақсатта мұғалімдер үшін арнайы біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, инклюзивті педагогика бойынша жаңа әдістемелер енгізілуде. Инклюзивті білім беру бұл тек ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жүйе емес, бұл – барлық баланың бір ортада білім алып, бірін-бірі түсінуге, құрметтеуге және қолдауға үйренетін білім беру мәдениеті. Біз білім беру жүйесін дамыту арқылы тек білімді ұрпақ тәрбиелеп қана қоймаймыз, мейірімді, жауапты және бір-біріне жанашыр қоғам қалыптастырамыз. Әр баланың сапалы білім алуына ұстаздар, ең бірінші сіздерге жүктелген үлкен міндет – ата-ананың артып отырған аманаты. Аманат деген – үлкен жауапкершілік», – деді ол.

Сонымен қатар осы тақырыпта Үндістанның Қазақстандағы елшісі Я.К. Сайлас Тангал, UNESCO MGIEP тренері (Үндістан) Шрея Тивари, халықаралық деңгейде танылған білім беру саласындағы көшбасшы және білім беру жүйесінде инклюзивті әрі әділ реформаларды ілгерілететін кеңесші Хайди Кавана, Канададағы Саймон Фрейзер университетінің инклюзивті білім беру саласы бойынша қауымдастырылған профессоры Роберт Уильямсон, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров сынды спикерлер баяндама жасады.

Өз кезегінде Хайди Кавана көптеген елдің білім саласында қызмет атқарғанын атап өтті.
«Қазақстанға соңғы рет былтыр қазан айында келгенмін. Жалпы, көптеген елде білім саласында қызмет етіп келемін. Соның ішінде Африка құрлығындағы Намибия елінде мектеп директоры болдым. Жалпы, Африкада балалардың 90 пайызы біліммен қамтылмаған. Сахара аймағында балалардың 10-нан бірі ғана біліммен қамтылады. Намибияның өзінде мектептерінде ауыз су, электр жарығы, интернет бола бермейді. Дегенмен мамандар жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды пайдалану арқылы ол жақта интернет мәселесі біртіндеп шешілуі мүмкін. Айтайын дегенім, мұғалімдердің жұмысы қай жақта да оңай емес. Ал мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге арналған 37 мың қосымша бар. Бірақ оның бәрін зерттеу мүмкін емес. ЖИ де жұмысты едәуір жеңілдетіп жатыр. Инклюзивті білім беруде де тиімді технологияларды пайдалану керек», – деді Хайди Кавана.

Форум аясында қолөнер бұйымдары мен инклюзивті білім беру саласындағы қажетті құралдардың көрмесі өтті. Көрме барысында Роберт Уильямсон №101 мектептің оқушылары жасаған қазақтың қолөнеріне қызығушылық танытты. Дефектолог Ақтоты қонақтарға қолөнер бұйымдарын таныстырды.
«Мен Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отырмын. Мұндағы ұлттық қолөнерге ерекше көзім түсті. Жоғары деңгейде жасалған екен. Суретке түсіріп алдым. Канададағы адамдарға инклюзивті балалардың қолынан осындай дүниелердің жасалғанын көрсеткім келеді. Түсінуімше, материалдар сатылады. Алдағы уақытта өзіміз де мұндай бұйымдарды жасап көреміз деп ойлаймын», – деді Роберт Уильямсон.

Өз кезегінде ерекше бала тәрбиелеп отырған Гүлістан Тұрғанова аутизм табиғаттың қателігі емес, ол сана-сезімнің басқа нұсқасы екенін атап өтті.
«Маған қызым нағыз норманың қай кезде болатынын көрсетті. Яғни бір жерге топтасқанның бәрі бірыңғай болған кезде емес, норма дегеніміз бір жерде әртүрлі адамға орын болған кезде болады екен. Егер сізге біреу біртүрлі болып көрінсе, одан қорықпаңыз. Біз қоғамды тек бір адамдар үшін емес, барлығына да ыңғайлы болуы үшін өзгертуіміз керек», – деді Г.Тұрғанова.

Ал әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров өз тәжірибесіне сүйене отырып, сау адамдарға қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс нәтижесі көбірек болатынын атап өтті.

Айта кетейік, аталған форумның практикалық бөлімі 24 сәуір күні бірнеше алаңда бір мезгілде өтеді деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін елімізде инклюзивті ортаны дамыту үшін 100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылғанын жаздық.