Қазақстан Президентіне Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагері хат жолдады

Қазақстан Президентіне Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагері хат жолдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысына Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әл Сауд хат жолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Сауд Арабиясының Королі, Қос киенің сақшысы Салман бен Әбделазиз Әл Сауд пен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд хаттарында Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан Президентінің Корольдікке қолдауы мен тілектестігін зор ризашылықпен қабыл алғандарын жазған.

Король мен Тақ мұрагері бауырлас екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың тереңдігін айғақтайтын ұстанымды жоғары бағалап, барлық саладағы ықпалдастықты ортақ мүддеге сай одан әрі нығайтуға ниетті екендерін растаған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына зор денсаулық, Қазақстан халқына бақ-береке тілейтіндерін жеткізген.

Еске сала кетсек, 5 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы ахуалды талқылаған еді.