Сарапшы: екпе аллергиялық аурулардың қаупін төмендетеді
Әлемнің дамыған елдерінде жүргізілген зерттеулер ерте кезеңде жасалған вакциналау бронх демікпесінің алдын алуға ықпал ететінін көрсетті. Сонымен қатар, тұмау мен пневмококк сияқты вирустық инфекцияларға қарсы екпелер ағзаны аллергиялық реакциялардан қорғауға да әсер етеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аллерголог-иммунологы, медицина ғылымдарының докторы Елена Ковзель мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Маманның айтуынша, вакциналаудан кейін пайда болатын аллергиялық реакциялар әдетте жеңіл түрде өтеді.
«Инфекциялардың алдын алу және иммундық жүйені ерте кезеңде қалыптастыру ауруханаға жатқызу мен аурудың асқыну жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Оның сөзінше, вакциналау тек белгілі бір инфекциялардан қорғаныс құралы ғана емес, сонымен қатар, ұзақ мерзімді иммунологиялық реттеуге ықпал етеді. Ерте жаста екпе алу иммунитеттің дұрыс қалыптасуына және аллергия қаупінің төмендеуіне көмектессе, ал егде жаста ол ағзаның биологиялық қартаю процесін баяулатуға сеп болады.
Еске салсақ, Астанада адам папиллома вирусына қарсы екпе жүргізіліп жатыр.