Қазақстан су ресурстарын басқаруда озық француз тәжірибесін пайдаланбақ

Қазақстан су ресурстарын басқаруда озық француз тәжірибесін пайдаланбақ
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит аясында Француз даму агенттігі ұйымдастырған пленарлық сессия өтті. Сессия барысында су секторындағы француздық компаниялармен одан әрі ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрлігі атынан вице-министр Ерболат Ибрайханов қатысты.

Француз тарапы су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға және гидротехникалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи технологиялық және инвестициялық шешімдерді ұсынды. Іс-шара қорытындысы бойынша министрлік Hydroplus компаниясымен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жол картасына қол қойды.

Құжат Қазақстан аумағында пилоттық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ озық француз тәжірибесін пайдалану арқылы су саласы мамандарының біліктілігін арттыру жөніндегі шараларды көздейді.

«Өңірлік экологиялық саммит өзін су ресурстарын басқару саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін алаң ретінде көрсетіп отыр. Қол қойылған жол картасы заманауи технологияларды енгізуге, кадрлық әлеуетті дамытуға және су шаруашылығы саласындағы екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Еске сала кетсек, Өңірлік экологиялық саммитте су үнемдеу бойынша білім беру бағдарламалары талқыланды.