Өңірлік экологиялық саммитте су үнемдеу бойынша білім беру бағдарламалары талқыланды
Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов іс-шараға қатысып жатқан халықаралық және ғылыми ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымының бас директоры Салим Әл-Маликпен жастар арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру жобаларын бірлесіп іске асыру мәселесін талқылады.
Тараптар қазақстандық студенттер мен мамандардың Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымының су үнемдеуді дамытуға арналған бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін қарастыруға келісті. Сонымен қатар су тұщыландыру және жерасты су ресурстарын мониторингтеу салаларындағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды.
Ал Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институтының (UfU) атқарушы директоры Михаэль Цшишемен Нұржан Нұржігітов Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында топырақтың тұздану себептерін зерттеу және оны шешуге бағытталған бірлескен жобаны іске асыру мәселесін талқылады.
Қазіргі уақытта бұл институт Астана қаласында Орталық Азия бойынша кеңсесін ашу жұмыстарын аяқтап жатыр.
«Бүгінде Қазақстан үшін ең алдымен су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық тәжірибе маңызды. Екіншіден, бізді су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру саласындағы әзірлемелер қызықтырады. Үшінші өзекті мәселе – су тасқындары мен құрғақшылықты болжау және оларға қарсы іс-қимыл. Сондай-ақ бірлескен бизнес-бастамаларды жүзеге асыруды перспективалы бағыт ретінде қарастырамыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры Джианпьеро Наччи арасында екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар банк қаржысы есебінен жүзеге асырылатын бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, су үнемдейтін суару технологияларын енгізу және Қазақстанның су-энергетикалық әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитке және Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттері кеңесінің отырысына қатысу үшін Астанаға келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.