Теміртауда үш бала токқа түсіп қалды
Теміртау қаласында үш кәмелетке толмаған баланың электр тогынан зардап шегуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға туралы жергілікті пабликтерде жарияланды. 4А шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы аумақтың қоршауының үстімен жоғары вольтті кабель тартылған. Кеше кешке балалардың біреуі добын алу үшін құрылыс алаңына қоршаудан асып түспек болғанда ток соққан. Оған көмектеспек болған екі досы да зардап шеккен.
«Теміртауда үш кәмелетке толмаған баланың электр тогымен зақымдануына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Абайсыздық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған бірқатар қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде», делінген департаменттің хабарламасында.
Департаменттің мәліметінше, зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды және медициналық бақылауға алынды.