Щучинскідегі өрт: Автогаз станциясының директоры мен газ баллонын жеткізуші ұсталды

Щучинскідегі өрт: Автогаз станциясының директоры мен газ баллонын жеткізуші ұсталды
Фото: freepik.com

Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» дәмиханасындағы өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу әлі жүріп жатыр. Осы іс бойынша автогаз станциясының директоры мен газ баллонын жеткізуші ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

20 сәуірде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Олар баллонды толтыру және жеткізу қызметін көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деп күдіктеліп отыр.

«Күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің 306 – бабы 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазаны қарастырады. Күдіктілердің бірі соттың санкциясымен қамауға алынды, екіншісіне үйқамаққа алынды», делінген хабарламада.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Іске қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Еске салсақ, 26 ақпанда түнде Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шықты. 

Жарылыстан 28 адам зардап шекті, 7 адам қайтыс болды. Ауруханаға жеткізілген екі адам да көз жұмды. Оқиғаны тергеуге ведомствоаралық комиссия құрылды. 9 наурызда зардап шеккен тағы екі адам көз жұмып, қаза болғандардың саны 11-ге жетті.

Өртке қатысты дереу қылмыстық іс қозғалды. Ал дәмхананың иесі қамауға алынды.