Щучинскіде дәмханадағы өрт кезінде зардап шеккен тағы екі адам көз жұмды
Щучинск қаласындағы «Plov Center» дәмханасындағы өрт салдарынан қаза болғандардың саны 11-ге жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazinform-ге сілтеме жасап.
«Дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен ауыр жағдайдағы тағы екі науқас қайтыс болды. 8 наурыз «Авиценна-Бурабай» ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан бір пациент, ал 9 наурызда Көкшетаудағы Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында емделіп жатқан тағы бір науқас қайтыс болды», - деді Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.
Еске салсақ, 26 ақпанда түнде Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шықты. Жарылыстан 28 адам зардап шекті, олардың 13-і ауруханаға жатқызылды, 8-і медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. 7 адам қайтыс болды. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмды.
Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал дәмхананың иесі қамауға алынды.