Шучинскідегі жарылыс: Ақмолада 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Шучинскідегі жарылыс: Ақмолада 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Фото: freepik.com

Шучинскіде дәмханадағы жарылыстан зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, күн сайын штаттан тыс бас мамандардың қатысуымен консилиумдар өткізіледі. Қажетті дәрі-дәрмек мен материалдар жеткілікті мөлшерде бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің мәліметінше, қазіргі таңда Шучинскідегі «Авиценна-Бурабай» стационарының жансақтау бөлімінде жағдайы ауыр және өте ауыр 4 науқас жатыр, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөлімінде 4 науқас, 8 адам амбулаториялық ем қабылдауда. 5 адам медициналық авиация арқылы Астана қаласына эвакуацияланды.

«Аурухананың жансақтау бөлімінің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде тәулік бойы төрт ауыр науқас ем қабылдап жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, тұрақты. Бір науқастың күйік аумағының 85% болуына байланысты жағдайы аса ауыр. Өкпесін жасанды желдету жүргізілуде», - деп мәлімдеді Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы.

Еске салсақ, 26 ақпанда түнде Шучинскідегі «Палау орталығында» газ-ауа қоспасы жарылды, артынан өрт шықты. Оқиға орнында 5 адам қаза тапты, тағы 2 адам ауруханаға жеткізілген кезде көз жұмды. Қайғылы оқиғаны тергеу үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Ал дәмханада болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды.