Таяу Шығыс бағытындағы рейстердің тоқтатылуы ұзартылды

Бүгін, 13:19
Думан Аманжол Думан Аманжол
Таяу Шығыс бағытындағы рейстердің тоқтатылуы ұзартылды
Фото: Көлік министрлігінен

Таяу Шығыс бағытындағы рейстердің уақытша тоқтатылуы ұзартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Air Astana әуекомпаниясына сілтеме жасап.

Таяу Шығыстағы шиеленістің жалғасуына байланысты Air Astana әуекомпаниясы Дубайға тұрақты рейстердің уақытша тоқтатылуын 31 мамырға дейін ұзартты.

«Орындалмайтын рейстер жолаушыларына әуекомпания әуе билеттерінің толық құнын айыппұлсыз қайтаруды немесе сол қызмет көрсету класында 31 шілдеге дейін ұшатын рейстеріне тегін қайта брондауды ұсынады. Сондай-ақ, тариф пен әуежай алымдарындағы айырманы төлеу арқылы ұшу мерзімі 31 шілдеге дейін Air Astana рейстеріне бағытты тегін өзгерту мүмкіндігі қарастырылған», делінеді хабарламада.

Егер билет бұрын айыппұл ұсталып қайта брондалған болса, ұсталған сома қайтарылмайды.

Әуекомпания қосымша өзгерістер болған жағдайда жолаушыларды хабардар ететін болады. 

Еске салсақ, Ақтау – Батуми – Ақтау бағыты бойынша жаңа халықаралық рейс іске қосылды.