Әуе компаниясы жазғы маусымнан бастап Ақтаудан Батумиге тікелей рейстерді іске қосады
Қазақстандық лоукостер FlyArystan Ақтау – Батуми – Ақтау бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстің іске қосылатынын хабарлайды. Рейстер 2026 жылғы 6 маусымда басталып, 29 тамызға дейін орындалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшу кестесі жолаушылар үшін ыңғайлы ұшу және қону уақыттарын ескере отырып жасалған. FS7729 рейсі Ақтаудан сағат 09:05-те ұшып, Батумиге 09:55-те қонады. Кері бағыттағы FS7730 рейсі Батуми қаласынан 10:55-те ұшып, Ақтауға 13:40-та жетеді. Уақыт жергілікті.
Әуебилеттерінің құны бір бағытқа 41 000 теңгеден басталады.
«Грузия теңіз жағалауындағы демалыс, гастрономия және дамыған инфрақұрылымның үйлесімі арқасында аймақтағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі болып қала береді. Батумиге бағыттар желісін кеңейту жолаушыларға жазғы саяхаттар үшін ыңғайлырақ мүмкіндіктер ұсынуға жол ашады. Сонымен қатар, әуекомпания Қазақстанның бірқатар қалаларынан Кутаиси бағыты бойынша жыл бойы рейстер орындап, Грузиямен тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етіп келеді», - делінген хабарламада.
Бұған дейін әуекомпания Астанадан Батумиге рейстердің іске қосылатынын хабарлаған болатын. Бұл бағыттағы рейстер 2 маусымнан бастап аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. 25 маусымнан бастап жиілік аптасына үш рейске дейін ұлғайтылып, бейсенбі күнгі қосымша рейс енгізіледі.
Әуебилеттері FlyArystan мобильді қосымшасында, www.flyarystan.com ресми сайтында, сондай-ақ өзге де сату арналары арқылы қолжетімді. Стандартты тарифке ұшақ салонындағы кездейсоқ орын және салмағы 7 кг-ға дейінгі (өлшемі 56×23×36 см-ден аспайтын) бір қол жүгi кіреді.
Баға валюта бағамының өзгеруіне байланысты аздап ауытқуы мүмкін.