Елімізде көпшілікке арналған 3,9 мың кітапхана жұмыс істейді

Елімізде көпшілікке арналған 3,9 мың кітапхана жұмыс істейді
Фото: Сұлтан Сейіт

Ұлттық статистика бюросы Ұлттық кітап күніне орай елдегі кітапханаларға қатысты деректерді ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде көпшілікке арналған 3 912 кітапхана жұмыс істейді, онда 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соның 14-і ғана жекеменшік. Олардың басым бөлігі яғни, 3 343-і ауылдық жерде орналасқан. Оның 3 866-сы әмбебап кітапхана, сонымен қатар 20 ғылыми, 19 арнайы және 7 өзге түрдегі кітапхана бар. Балаларға арналған 269 мекеме жұмыс істейді.

Кітапханалардың ең көбі Түркістан облысында орналасқан (388). Одан кейін Батыс Қазақстан (359), Ақмола (341) және Қостанай (336) облыстары тұр.

Елдегі барлық кітапханадағы жиынтық қор 110,3 млн басылымға жетеді, оның ішінде 69,6 млн-ы – кітап. Ең ірі қор Алматы қаласында сақталған,  ол 37,5 млн басылым.

Былтыр кітапханаларға кітап оқушы қауым 55,2 млн рет барған. Келушілер саны бойынша Алматы көш бастап тұр – 5,4 млн. Сондай-ақ бару саны бойынша Солтүстік Қазақстан (4,6 млн) және Түркістан (4,1 млн) облыстарында жоғары көрсеткіш тіркелген.

Еске сала кетсек, Астана қаласы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» басшысы Гүлбадан Мәдібаева тілшімізге берген сұхбатында елордадағы кітапханалар жүйесі жұмысы және ондағы кітап қоры туралы толығырақ айтып берді.