Елімізде балаларға тек ДДСҰ сертификаттаған екпелер ғана салынады
Бұл туралы ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Иммундық профилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ тиімді әрі қауіпсіз профилактикалық егулер арқылы алдын алуға болатын инфекциялар тізімін кеңейту жөніндегі стратегиясын қолдап отыр. Соңғы 20 жылда халық денсаулығын жақсартуға, инфекциялық ауруларды азайтуға бағытталған шаралар аясында вакциналардың жаңа түрлері енгізілді. Олардың ішінде қызамық, пневмакокк, гемофильді инфекцияға қарсы екпелер бар. Күнтізбеге енгізілген соңғы вакцина – жатыр мойны обыры қоздырғышы және қатерлі ісіктердің басқа да түрлеріне себеп болып отырған адам папилломасы вирусына қарсы екпе.
Оның айтуынша, қазақстандық иммундау күнтізбесі дамыған елдердегі тізімге сәйкес келеді. Бұл екпелер аурулардың алдын алу бойынша үлкен нәтижелерге жеткізді.
«Мысалы, эпидемиялық паротитпен сырқаттану 1990 жылдағы 12 192 жағдайдан қазіргі 1 жағдайға дейін төмендеді. А вирусты гепатитпен сырқаттану 80 еседен астам азайды. Өте ауыр түрде өтетін В вирусты гепатитімен сырқаттану 94 есе төмендеу байқалады. Сол сияқты қызамық та 84 есе төмендеді. Соңғы жылдары сіреспенің бір-екі жағдайы ғана тіркелді», – деді спикер.
Нұршай Әзімбаеваның мәлімдеуінше, балаларға тек ДДСҰ сертификаттаған вакциналар ғана салынады.
Еске сала кетейік, Астанада адам папиллома вирусына қарсы екпе жүргізіліп жатыр.