Атамекен күн тәртібін айқындайды: бизнес пен мемлекет ортақ шешімдер үшін күш біріктіреді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгін елдің басты іскерлік алаңы болған «Ортақ Атамекен: Өңірден басталған өрлеу» атты аймақтық форумын ашты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана тағы да іскерлік белсенділіктің орталығына айналды. Елордада кәсіпкерліктің болашағына қатысты ашық әрі мазмұнды диалог құру мақсатында экономиканың негізгі ойыншылары мен мемлекет өкілдерін біріктірген екі күндік форум басталды.
Саммит алғашқы минуттардан-ақ талқыланатын тақырыптардың деңгейі мен қатысушылар құрамының ауқымымен жоғары деңгейді байқатты. Форум жұмысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық даму институттарының, квазимемлекеттік сектордың басшылары, сондай-ақ салалық қауымдастық жетекшілері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген өңірлік палата директорлары қатысуда.
Басты назарда – жүйелі сын-қатерлер, жаңа өсу нүктелері және шағын және орта бизнестің дамуына, инвестициялық ахуал мен ел экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер ететін нақты шешімдер.
«Атамекен» ҰКП қызметі төрт негізгі қағидатқа негізделген: бизнес құқығын қорғау, мемлекетпен ашық диалог жүргізу, кәсіпкерлер мәселелерін жүйелі шешу және бәсекелі ортаны дамыту. Бұл қағидаттар жай ғана декларация емес, форум жұмысының нақты негізіне айналып отыр.
Саммиттің басты мақсаты – кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді айқындап қана қоймай, оларды шешудің нақты тетіктерін әзірлеу. Мемлекет пен бизнес күш-жігерін үйлестіруге, цифрлық трансформацияны жеделдетуге, реттеу тиімділігін арттыруға және ШОБ мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Форумның алғашқы күнін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев ашты. Ол Палата жұмысында өңірлік өлшемді күшейту және күн тәртібін «төменнен жоғары» қағидаты бойынша қалыптастыруға көшу туралы айтты. Елдің барлық 20 өңіріне жасалған сапарлар аясында микробизнестен бастап ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына дейін кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатылды.
«Менің мақсатым – бизнестің шынайы үнін есту. Әрбір мәселенің артында адамдар, олардың отбасылары және кәсіптерінің болашағы тұр», – деп атап өтті Палата басшысы. Сондай-ақ ол «Атамекен» ҚКП-ның экономикалық есептеулер мен дайын шешімдерге негізделген талдамалық жұмыс моделіне көшкенін жеткізді. «Біз енді шағымымызды айтып қана қоймай, оларды шешу жолдарын да ұсынамыз», – деді Қанат Шарлапаев.
Өңірлерге жасалған сапарлар қорытындысы бойынша 77 кәсіпорын жұмысымен танысып, 3000-ға тарта кәсіпкерлермен кездесулер өткізілген. Бұл жергілікті жерлердегі бизнес дамуының өзекті мәселелерін тікелей диалог арқылы қамтуға мүмкіндік берді.
Цифрлық трансформация және жасанды интеллекттің рөлі туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев сөз сөйледі. Ол Қазақстанның алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекет құру міндетін жүзеге асырып жатқанын, ал 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтті.
«Цифрлық мемлекет – бұл азаматтар, бизнес және мемлекет үшін құндылық қалыптастыру құралы», – деді Вице-премьер.
Негізгі бағыттардың бірі – есептеу қуаттарынан бастап цифрлық сервистерге дейінгі жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту. Елде суперкомпьютерлік кластерлер іске қосылып, Екібастұзда 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар жоғары өнімді есептеулер хабы қалыптасып жатыр. Сонымен қатар, цифрлық инфрақұрылым да дамуда: ауылдардың 90%-дан астамы талшықты-оптикалық байланыспен, 97%-ы мобильді байланыспен қамтылады, ал спутниктік технологиялар ел аумағын толық қамтиды. Мемлекеттік секторда eGov AI және AlemGPT сияқты AI-сервистер енгізіліп, оларды миллиондаған азамат пайдаланды. Бұл ХҚКО-на түсетін жүктемені азайтып, қызмет алу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Біз мемлекеттік қызметтерді жылдамырақ, қарапайым әрі қолжетімді етіп жатырмыз», – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова «ТПР 2.0» бастамасы мен Реттеушілік интеллект орталығын құру жобасын ұсынды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев шағын және орта бизнестің мәселелерін шешуге бағытталған нақты шаралар мен мемлекеттік қолдау құралдары туралы баяндады. Оның айтуынша, елде мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты диалог жүйесі қалыптасқан.
2022 жылдан бері 631 мәселе қаралып, оның 43,9%-ы оң шешімін тапқан. Қолдау шараларының тиімділігін арттыруға және қаржыландырудың нарықтық тетіктеріне көшуге ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы 365 млрд теңгеге шамамен 3400 ШОБ жобасы субсидияланды. Ал банктермен бірлесіп қаржыландыру қағидаты негізінде іске асырылатын «Өрлеу» бағдарламасы қысқа мерзім ішінде 588 млрд теңгеге 2300-ге жуық жоба қолдауға ие болған.
Қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтудің маңызды құралдарының бірі – кепілдік тетіктері. 2025 жылы жалпы сомасы 509 млрд теңгені құрайтын 3 100-ден астам ШОБ жобасына қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, биыл өңірлердің салалық ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды.

«Бизнеспен ашық әрі жүйелі диалог тұрақты экономикалық өсудің негізгі факторы», – деп атап өтті Ерлан Сағынаев.
Кәсіпкерлерді қолдаудың қолданыстағы және жаңа құралдары туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев баяндады. Оның айтуынша, қор субсидиялау, кепілдендіру және жеңілдетілген несиелеуді біріктіретін кешенді тәсілді жүзеге асырып, екінші деңгейлі банктермен серіктестікті белсенді түрде дамытып келеді.
Негізгі құралдардың бірі – басым салаларды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін, туризм мен IT саласын дамытуға бағытталған «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама аясында жалпы сомасы 588 млрд теңгені құрайтын 2 328 жоба қолдау тапты. Сондай-ақ, кепілдендіру жүйесі ШОБ субъектілері мен ірі инфрақұрылымдық жобалар үшін кепілзат жеткіліксіздігі мәселесін шешуде маңызды рөл атқаруда. Жалпы алғанда, 2025 жылы қолдау шараларын қаржыландыру көлемі 2,2 трлн теңгені құрады, ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Біздің міндетіміз – қолдау құралдарының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, кәсіпкерлерді бірыңғай клиенттік маршрут арқылы кеңінен қамту», - деді Фархат Сәрсекеев.

Форумның алғашқы күнінде алдағы жұмыстың негізгі бағыты айқындалды. Бұл жай ғана талқылау емес, жақын арада іске асырылатын нақты шешімдерді іздеуге бағытталған тиімді алаң. Өзгермелі экономика жағдайында жедел бейімделу қабілеті ерекше маңызға ие, ал мұндай алаңдар осы үдерістердің катализаторына айналады.
«Ортақ Атамекен: Өңірден басталған өрлеу» - бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа, ашық, технологиялық әрі нәтижеге бағытталған үлгісі қалыптасатын кеңістік.