Ақтаудан Батумиге алғашқы тікелей рейс ұшты
Ақтау – Батуми бағыты бойынша алғашқы рейс орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz FlyArystan әуекомпаниясына сілтеме жасап.
Жаңа бағыт Астана мен Батуми арасындағы тікелей әуе қатынасы іске қосылған соң ашылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның танымал курорттық қалалары арасындағы жазғы саяхат мүмкіндіктерін кеңейтті.
«FS7729 алғашқы рейсі Ақтау халықаралық әуежайынан сағат 09:05-те ұшып, жергілікті уақыт бойынша Батумиге 09:55-те қонды. Ұшу ұзақтығы 1 сағат 50 минутты құрады. Алғашқы рейстің толық дерлік жүктемемен орындалуы жолаушылардың жаңа бағытқа деген жоғары қызығушылығын көрсетіп, Батыс Қазақстан мен Грузияның Қара теңіз жағалауы арасындағы әуе қатынасының сұранысқа ие екенін растады», делінген хабарлоамада.
Жаңа бағыттың ашылуы Ақтау, Батуми әуежайларында өткен мерекелік іс-шаралармен жалғасты. Шараға әуежайлардың, әуекомпания серіктестерінің өкілдері және қонақтар қатысты. Ақтау әуежайында алғашқы рейс жолаушыларына арнайы қарсы алу бағдарламасы, тәтті тағамдар мен естелік сыйлықтар ұсынылып, Батумиде FlyArystan әуе кемесі дәстүрлі су бұрқамасымен қарсы алынды. Сондай-ақ жолаушылар мен экипаж үшін мерекелік торт кесу рәсімі және естелік фотосессия ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Ақтау – Батуми – Ақтау бағыты бойынша рейстер 6 маусым - 29 тамыз аралығында аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Кесте туристік және іскерлік сапарларға қолайлы етіп жасалған: екі бағыттағы рейстер таңертең жүзеге асырылады, бұл жолаушыларға саяхатты ыңғайлы жоспарлап, Грузиядағы уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Әуебилеттері FlyArystan мобильді қосымшасында, әуекомпанияның ресми сайты мен басқа да сату арналарында қолжетімді.
Еске салсақ, Air Astana әуекомпаниясының ұшақтары Дубайға қайта қатынай бастайды.