Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектері жаңартылды: министрлік түсінік берді

Бүгін, 13:13
Думан Аманжол Думан Аманжол
Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектері жаңартылды: министрлік түсінік берді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шектерінің параметрлері жаңартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство хабарлағандай, өзгерістер салымшының қазіргі жасын ғана емес, оның зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңін, болашақ зейнетақы төлемдерін, инвестициялық кірісті және өзге де ұзақ мерзімді факторларды ескеретін неғұрлым дәл есептеу әдістемесін енгізуге байланысты қабылданды.

«Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін жаңарту ең алдымен салымшылардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені зейнетақы жинақтары – қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға жұмсалатын қаржы көзі емес. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету», делінген хабарлоамада.

Министрлік зейнетақы қаражаты ең алдымен азаматтардың болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қызмет етуі тиіс деген ұстанымды басшылыққа алған. Себебі бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін балама мақсаттарға (тұрғын үй мен емделу) пайдалану мүмкіндігі сақталады. Зейнетақы мөлшері бұрынғы табысының кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй мен емделу қажеттіліктері үшін жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады. Ал мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын азаматтар зейнетақы шотындағы қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығына ие.

Айта кетерлігі, жеткіліктілік шектері соңғы үш жыл ішінде қайта қаралмаған. Сол себепті оларды жаңарту зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың болашақта неғұрлым қорғалған әрі тұрақты табысқа сенім артуына мүмкіндік береді.

«Зейнетақы жинақтары – адамның зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығының кепілі. Жаңартылған әдістеме қазақстандықтардың болашақтағы зейнетақы төлемдерін қорғауға, жинақтардың жеткіліксіз болу тәуекелдерін төмендетуге және ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, жыл басынан бері агрегаторлар арқылы инватаксиге 172 мыңнан астам тапсырыс берілді.