230 мың доллар жымқырды деген күдікті елге қайтарылды

Бүгін, 16:45
Думан Аманжол Думан Аманжол
230 мың доллар жымқырды деген күдікті елге қайтарылды
Ф ото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Грекиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматшасын елге экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, ол 2021 жылы Алматы қаласындағы тасымалдау компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп, басшысынан 230 мың долларды банктік сейфте сақтау сылтауымен алып, қаражатты иемденіп кеткен деп күдіктелуде.

Қылмыстан кейін күдікті жасырынғандықтан, халықаралық іздеуге жарияланған. 2024 жылдың маусымында ол Грекия аумағында ұсталып, Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге қайтарылды.

 «Қ азақстан мен Грекия арасында тікелей әуе қатынасының болмауына байланысты күдіктіні Сербия арқылы транзитпен жеткізу ұйымдастырылды. Бұл ретте Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі көмек көрсетті», делінеді хабарламада.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылып отырған қылмыс үшін мүлкін тәркілеу, сондай-ақ белгілі бір қызметпен айналысу немесе лауазым атқару құқығынан он жылға дейін айырумен қатар, он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салсақ, Абай облысында шаруа қожалығы басшысы мемлекетке 211 млн теңге залал келтірген.