Астанада кітапханалардың үздік оқырмандары мен меценаттары марапатталды

Астанада кітапханалардың үздік оқырмандары мен меценаттары марапатталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық залында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

«Кітап – білім бұлағы, кітапханашы – оның тірегі» атты іс-шара қоғамдағы кітаптың рөлін арттыруға және кітапханалардың білім мен мәдени мұра орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталды. Кеш барысында оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан елордалық оқырмандар марапатталды.

Жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша анықталды. «Ең үздік кітап оқитын отбасы» атағына №4 қалалық кітапхананың оқырмандары – Әділбековтер отбасы ие болды. №6 кітапханаға келіп жүрген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Нұрислам Наметқұл «Кітапсүйер студент» атанды. «Креативті оқырман» номинациясында №10 кітапхананың тұрақты келушісі Данила Қаскелең жеңіске жетті.



«Ең үздік жас оқырман» номинациясының жеңімпазы Дамирхан Шубаев ерекше назар аудартты – ол бір жыл ішінде 170 кітап оқыған. «Жыл оқырманы» аталымы Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхананың оқырманы Ғалымбек Шағыровқа бұйырды.

Сонымен қатар «Кітапхана меценаттары» да ерекше атап өтілді – кітапханалар мен мәдени бастамаларды дамытуға үлес қосып жүрген тұрғындар марапатталды. Бұл аталым бойынша Айша Мадкенова, Бақытжамал Кәрібаева және Бибіжан Рүстемова марапатқа ие болды.



Іс-шара аясында 300-ден астам басылым ұсынылған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда қазақстандық және әлемдік әдебиеттің жаңа туындыларынан бастап сирек кітаптар мен мерейтой иелері авторлардың шығармаларына дейін қойылды.

Іс-шараға елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен, қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Ғайыпов, мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай, профессор Құралай Айтмұхаметова, «AbaiTV» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы, сондай-ақ кітапханашылар, оқырмандар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Еске салсақ, тілшіміз елордадағы барлық кітапханаға шолу жасады. Онда кітапханалардың кітап қоры мәліметі мен мекенжайы, байланыс нөмірі берілген.