Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды спорт фестивалі өтеді

Бүгін, 14:35
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды спорт фестивалі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жазғы маусымның ашылуына арналған ауқымды спорттық фестиваль ұйымдастырылады. Іс-шара елордадағы Триатлон паркінің жаңартылған жағалауында өтеді. Бағдарлама аясында бірнеше спорттық сайыс пен бұқаралық жаттығулар қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фестивальдің негізгі бөлігі – 5 шақырымдық бұқаралық жүгіру сайысы. Сонымен қатар скандинавиялық жүріс және балаларға арналған 400 метрлік жарыс өткізіледі.

5 шақырымдық жүгіру жарысы мен скандинавиялық жүріс сайысына қатысушыларды тіркеу жарыс күні, яғни 1 мамырда сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Жарыстар кезең-кезеңімен сағат 09:00-де басталады. Ал балалар жарысына тіркеу сағат 10:30-да басталады. Барлық жүгіру сайыстары Триатлон паркінің (Music Hall Astana жағынан) ішіндегі футбол алаңында өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүгіру жарысына қатысу тегін болғанымен, орын саны шектеулі.

«Фестиваль аясында өтетін жүгіру жарыстарына қатысушылар саны шектеулі. 5 шақырымдық жүгіруге 1 500 адам, скандинавиялық жүріске 200 адам, балалар жарысына 200 бала қатыса алады. Балалар сайысында ата-аналардың ережелерді сақтауына ерекше мән беріледі. Сондай-ақ шара барысында қала тұрғындары үшін әртүрлі спорттық бағыттар бойынша ашық жаттығулар ұйымдастырылады», – дейді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Алматы» ауданы әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен өтетін фестиваль аясында ашық аспан астында түрлі спорттық жаттығулар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, йога, street workout бағыттары бойынша жаттығулар және Василий Тахтайдың қатысуымен жекпе-жек өнері бойынша көрсетілімдер өтеді. Аталған белсенділіктер сағат 11:00-де Триатлон паркінің көпір астындағы жаттығу алаңында басталады.

Сонымен қатар фестиваль барысында командалық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Атап айтқанда, ересектер арасында волейбол, 13-14 жас аралығында шағын футбол және 15-17 жас санатында баскетбол (5×5). Тіркеу сағат 10:30-да басталып, жарыстар сағат 11:00-де өтеді. Жеңімпаз командалар медальдармен және кубоктармен марапатталады.

Бұдан бөлек, күштік спорт түрлері бойынша жеке жарыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар гир спорты, армрестлинг, кеудеден сығымдау, брусьяда жаттығу, турникке тартылу және уақытқа ілініп тұру бойынша бақ сынайды. Тіркеу сағат 10:30-да басталады. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталады.

Іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары үшін жетекші фитнес-клубтар мен спорт орталықтарының кәсіби жаттықтырушыларының қатысуымен ашық жаттығулар ұйымдастырылады. Аталған жаттығуларға қатысу тегін.

Ұйымдастырушылар фестивальдің негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындарды белсенді демалысқа тарту екенін атап өтті.

Айта кетейік, іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы ауданы әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен өткізіледі.

Еске салсақ, Астанада дзюдодан төртінші рет Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді.